Жетінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда мемлекеттік жастар саясатының жергілікті деңгейде жүзеге асырылуын бағалауға мүмкіндік беретін жастардың даму индексін енгізуді ұсынды.
Бүгінгі таңда «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің қолдауымен қазақстандық жастардың даму индексін есептеу әдістемесін әзірлеуде. Есептеудің сапалық әрі объектив параметрлерін алу үшін «JASTAR: ózekti másele» алаңында индексті есептеу әдістемесі жобасының сараптамалық талқылауы ұйымдастырылды. Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы ҚазСЗИ, Nur Otan партиясы жанындағы Қоғамдық саясат институты, ЮНИСЕФ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жетекші сарапшылары қатысты.
Айта кету керек, жыл басынан бері орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен, жастар ресурстық орталықтарының мамандарымен сараптамалық талқылаулар өткізілді. Жалпы алғанда, индексті енгізу жастардың өзін-өзі жүзеге асыруын қолдау деңгейі мен жағдайын жақсартуға көмектесуі керек.