Күннің ысуымен бірге конго-қырым геморрагиялық қызбасы ауруының туындауына себеп болатын кенелер ұйқыдан оянып, ашық аспан астында, табиғат аясында жүрген адамдарға шабуыл жасай бастады.
Конго-қырым геморрагиялық қызбасы – жедел вирустық табиғи ошақтық ауру, ол иксод кенелері арқылы беріледі. Улы жәндік аурудың қоздырғыштарын тасымалдап, оларды адамдарға, жан-жануарларға таратушы болып табылады. Бұл зиянкестердің ауру таратуда ролі зор, олар қоздырғышты өмір бойы өз денесінде сақтайды, оларды жұмыртқасы арқылы өз ұрпағына таратады, яғни бір аналық кене 8-10 мың жұмыртқа салып, одан өсіп-өніп шығатын 8 мың кенеге өзінің бойындағы қоздырғыштарды таратады.
Жалпы Жамбыл облысында 48 елді мекен қырым қанды безгегінің табиғи ошағы болып есептеледі. Жыл басынан бері улы жәндіктің шағуынан зардап шеккен 34 адам медициналық көмекке жүгінген, оның ішінде 15-і балалар (44%), бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе аз (74 зардап шеккен). Тараз қаласының аумағында — 11, Байзақ ауданында — 10, Жамбыл, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов және Шу аудандарында екі жағдайдан, Мойынқұм және Сарысу аудандарында бір жағдай анықталған.
Кене шағудан зардап шеккендердің барлығы 14 күнге медициналық бақылауға алынды, мерзімі өткеннен кейін 17 адам бақылаудан алынды. Ағымдағы жылы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын растайтын жағдайлар тіркелген жоқ.
Аурудың деңгейін төмендету, эпидемиялық ахуалды күрделендірмеу, дертті дер кезінде анықтап, қатерлі жағдайға жібермей ұстап тұру шараларын жүргізу — тек қана медицина, ветеринария қызметкерлерінің немесе жергілікті әкімшіліктердің жұмыстары ғана емес, оған ошақ аймақтарында тұратын елді мекендердің тұрғындары да ат салысуға тиіс.
Кене шаққан уақытта оны өзіңіз алып тастауға тырыспаңыз, тұрғылықты мекен-жайыңыз бойынша медициналық көмекке жүгініңіз, ол жерде сізге геморрагиялық қызбаның алдын-алу шаралары жүргізіліп, көмек көрсетумен қатар, не істеу керектігі ескертіледі. Аурудың белгілері кене шаққаннан кейін 2-7 күн ішінде білінеді. Науқас адамның дене ыстығы көтеріледі. Басы, буындары қатты сырқырап ауырады. Көзі мен тамағы қызарады, тамаққа тәбеті болмайды. Аурудың 2-5-ші күндері мұрыннан, асқазан, ішектен, әйелдердің жатырынан қан кетеді, науқастың денесі бөртеді. Қол мен теріні қатты басқанда немесе ине шаншығанда қанталап, көгеріп кетеді. Науқас адам дер кезінде дәрігерге көрінбесе, ауру асқынып, өліп кетуі де мүмкін, сонымен қатар қасындағы адамдарға да жұқтырады. Кене шаққан адамдар міндетті түрде 2 жеті бойы емдеу мекемесінде диспансерлік бақылауда болуы керек. Осы талаптардың барлығы дерттің қауіптілігін төмендетеді. Сондықтан, сақтансаңыз, сақ боласыз!
Денсаулық сақтау басқармасының
баспасөз қызметі






