Енді бұдан былай елді-мекендердегі бос жерлерді шаруаларға беру үшін жылына екі рет қаңтар және шілде айларында конкурс өткізіледі. Сондай-ақ пайдаға аспай жатқан мақсатсыз жерлер мемлекет меншігіне қайтарылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Дәурен Омаров айтты. Оның сөзінше, мақсатты пайданылмаған жерлерді қайтару бойынша жауапты инспекцияға ұсыныс берілген.
— Бұдан былай бос жатқан жерлерді шаруаларға беру үшін конкурс жылына екі рет қаңтар және шілде айларында өткізілетін болады. Ал бос жерлер туралы ақпаратты жариялауды заңнамалық тұрғыда бекіту туралы ұсыныс берілді. Бұл өз кезегінде шаруалардың бос жерлер туралы ақпаратты білуіне және конкурсқа дейін нақты белгілеген жерге конкурстық құжаттамаларын, бизнес жобаларын дайындауға мүмкіндік береді, — деді Д. Омаров.
Сондай-ақ спикер Агенттік тарапынан әр аймақтың ерекшелігі ескеріліп, өңірлер үшін жемқорлық тәуекелдер картасы әзірленгенін жеткізді. Айтуынша, бұл картада әкімшілік кедергілердің болуына, қызметшілердің озбырлығына, заңнаманың жетілмегендігіне байланысты шешімін таппай жүрген мәселелер тізбесі көрсетілген. Ал картада жол және инфрақұрылым, экономика мен қаржы, олигополия, құрылыс және тұрғын үй, жер қатынастары салалары қамтылған.