Қазақстанның географиялық орналасуы жаңартылатын энергия көздерін дамытуға мол мүмкіндік береді. Мемлекеттің оңтүстік өңірлері күн қуатын тиімді пайдалануға аса қолайлы болса, солтүстік және орталық аймақтарда жел энергиясын өндіру әлеуеті жоғары. Соңғы жылдары іске қосылған баламалы стансалар елдің энергия нарығындағы маңызды буынға айналып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруде. Ерекше атап өтерлік жайт, осындай ірі жобалардың алғашқы қарлығаштарының бірі Жамбыл облысындағы Жуалы ауданында жүзеге асырылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында «жасыл экономиканы» дамыту маңызды екенін атап өтіп, болашақта әлем таза энергетикаға толық көшетінін жеткізді. Президенттің айтуынша, соңғы 5 жылда бұл саланың жалпы өндірістегі үлесі 5 пайызға жуық өскен. 2027 жылға қарай тағы 1,4 гигаваттық қуат көздері іске қосылып, еліміздің энергетикалық теңгерім құрылымы өзгереді. Бұл бағыттағы нақты қадамдар өңірлерде өз жемісін беруде, соның жарқын мысалы – Жуалыдағы қуаты 100 мегаватты құрайтын күн электр стансасы кешені.
Аудан әкімдігі өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Талғат Әмірәлиевтің мәліметінше, мұндағы «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» стансалары Орталық Азиядағы ең ірі нысан саналады және тоғыз жылдан бері үзіліссіз жұмыс істеп келеді. Жобаның алғашқы бөлігі 2015 жылы 23,5 миллиард теңге инвестициямен іске қосылды. Германияттан жеткізілген озық құрал-жабдықтармен жабдықталған 50 мегаваттық алғашқы кешен Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты 150 гектар алқапты алып жатыр.
Ал 2018 жылдың қараша айында қуаты одан да жоғары екінші кезең пайдалануға берілді. Оған 25 миллиард теңге қаржы бөлініп, инвесторы – «Самұрық Қазына-Юнайтед Грин» болса, негізгі қаржы көзі Лондондағы Еуропалық қайта құру және даму банкі атанды. Бұл аумақта «Jinko Solar» компаниясының 185 мыңнан астам фотоэлектрлік модулі мен «Sungrow» өндірісінің инверторлық стансалары орнатылған. Нәтижесінде, жалпы құны 48 миллиард теңгені құрайтын қос кешен бүгінде 80 мыңнан астам тұрғын үйді тұрақты электр жарығымен қамтуға толық қауқарлы.
Аталмыш күн электр стансаларының экологиялық таза өнім өндірудегі жетістіктері халықаралық деңгейде де жоғары бағаланған. Мысалы, бұған дейін Еуропалық қайта құру және даму банкінің «EMEA Finance» ұйымы бұл жобаны «Күн энергиясы саласындағы үздік мәміле» номинациясымен марапаттаған болатын. Бұл бастамалар өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып қана қоймай, Қазақстанның жасыл энергетика бағытындағы әлемдік стандарттарға сай келе жатқанын айқын дәлелдейді.







