Ұйымның жетекшісі – Әбдиев Еркін Қайырбекұлы. Қауымдастықтың негізгі мақсаты – жастар ұйымдарын біріктіріп, олардың өзара әрекеттесуін жолға қою, сондай-ақ азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған бастамаларды қолдау арқылы жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру.
Ұйымның жұмыс ауқымы жылдан жылға кеңейіп келеді. 2012 жылы қауымдастық құрамында 17 ғана ұйым болса, қазіргі таңда олардың саны 30-дан асып, құрылымдардың 70%-ы облыс, қала және аудан деңгейінде тұрақты әрі белсенді жұмыс жүргізуде. Қауымдастық жастар ұйымдарының құрылуына, тіркелуіне және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарға қатысуына кеңес беру, бағыт-бағдар көрсету арқылы маңызды қолдау көрсетіп отыр.
«Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» 2023 жылы үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақы байқауында «Жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Бұл – қауымдастықтың жастармен жүйелі жұмыс жүргізіп, нақты нәтижелерге қол жеткізгенін айғақтайды.
Ұйым жүзеге асырған ірі жобалар қатарында «Операция Марс», «Ұлы Дала Өркениеттері», «Қоғамдық бақылау» сияқты республикалық маңызы бар бастамалар бар. Бұл жобалар елдік сана, тарихи таным мен азаматтық белсенділікті ұштастыра отырып, жастардың әлеуетін арттыруға бағытталған.
Қауымдастық 2018 жылы жергілікті өзін-өзі басқару және қоғамдық бақылау мәселелерін дамытуға арналған ақпараттық орталықты ұйымдастырып, халық пен билік арасындағы тиімді диалог алаңын құруға ықпал етті. Сонымен қатар, «Интернет-қабылдау» жобасын іске қосып, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын онлайн форматта қабылдайтын жүйені енгізді.
Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында «Тарих ізімен» жобасы сәтті жүзеге асырылып, мерейтой шеңберінде құрылыс нысандарына блог-турлар ұйымдастырылды. Бұл бастама арқылы жастар тарихи сананы жаңғыртып, әлеуметтік желілер арқылы көпшілікке мерейтой барысы жөнінде кең ақпарат таратты.
«Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» – тек ұйымдарды біріктіруші ғана емес, олардың кәсіби дамуына, қоғамдық бастамаларын жүзеге асыруына және әлеуметтік жауапкершілігін арттыруына қолдау көрсететін сенімді әріптес. Алдағы уақытта да қауымдастық жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға, олардың даусын қоғам мен билікке жеткізуге бағытталған ауқымды жобаларды жалғастыра бермек.






