Кездесудің басты мақсаты – жас ұрпаққа салауатты өмір салтын насихаттап, есірткінің қоғамға тигізер зиянын түсіндіру, құқық қорғау органдарының қызметімен жақын таныстыру болды.
Іс-шара барысында қонақтар ПД мұражайын аралап, ішкі істер органдарының қалыптасу тарихымен танысты.
Сонымен қатар, қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан батыр полицейлердің өнегелі өмір жолы мен жанқиярлық ерліктері туралы мағлұмат алды. Бұл жастарға патриоттық рух сыйлап, ел қауіпсіздігі жолындағы полиция қызметкерлерінің еңбегін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

Ашық есік күні аясында қатысушылар Жедел басқару орталығының жұмысымен де танысты. Мамандар орталықтың тәулік бойы атқаратын қызметі, заманауи бақылау жүйелері мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар туралы кеңінен ақпарат берді.
Шара соңында ұйымдастырушылар жастарды зиянды әдеттерден аулақ болып, спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар полиция қызметкерлеріне өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, жан-жақты жауаптар алды.

Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды







