Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында қызметтік міндеттерін орындау барысында 24 жазатайым оқиға тіркелген. Соның салдарынан 32 адам түрлі деңгейде зардап шегіп, өкінішке қарай, 7 жұмысшы көз жұмған. Бұдан бөлек, екі топтық жазатайым оқиға орын алып, одан 10 адам зардап шеккен.
Әрбір өндірістік оқиғаның артында адам тағдыры тұрғанын ескерсек, бұл көрсеткіштерді жай ғана статистика ретінде қабылдау қиын. Бір ғана қауіпсіздік талабының сақталмауы немесе өндірістік тәртіптің бұзылуы адам өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, кәсіпорын жұмысының тұрақтылығына да кері әсер етеді. Сондықтан мұндай жағдайлардың себептерін анықтап, олардың қайталануына жол бермеу – еңбек қауіпсіздігі саласындағы басты міндеттердің бірі.
Орын алған барлық жазатайым оқиғалар бойынша арнайы тергеп-тексеру жүргізіліп, тиісті материалдар құқық қорғау органдарына жолданған. Сонымен қатар жұмыс берушілерге анықталған кемшіліктерді жою, өндірістегі тәуекелдерді төмендету және осындай оқиғалардың алдын алу жөнінде нақты іс-шаралар белгіленіп, олардың орындалуы бақылауға алынған.
Департамент жүргізген талдау нәтижесі жазатайым оқиғалардың басым бөлігінде жұмыс берушілердің жауапкершілігі жоғары екенін көрсетті. Атап айтқанда, 19 жағдайда оқиғаға жұмыс беруші толықтай кінәлі деп танылған. Алты жағдайда жұмыскердің өз әрекеті себеп болса, төрт оқиғада жұмыс берушінің кінә үлесі басым екені анықталған. Тағы үш жағдайда тараптардың жауапкершілігі тең дәрежеде бағаланған.
Бұл деректер еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек қызметкердің жеке жауапкершілігімен шектелмейтінін көрсетеді. Еңбек жағдайын талапқа сай ұйымдастыру, қауіпсіз жұмыс орындарын қалыптастыру, қызметкерлерді уақытылы оқыту және қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету – ең алдымен жұмыс берушінің міндеті. Сондықтан өндірістегі қауіпсіздік мәдениеті кәсіпорын басшылығының ұстанымынан басталатыны анық.
Жазатайым оқиғалардың себептеріне жүргізілген сараптама да бірқатар өзекті мәселелерді айқындап отыр. Оқиғалардың 20 пайызы биіктіктен құлау салдарынан орын алған. Тағы 20 пайызы қозғалмалы немесе айналмалы механизмдер мен бөлшектердің әсерінен тіркелген. Ал қалған 60 пайызы өндірістегі түрлі ұйымдастырушылық және техникалық кемшіліктердің салдарынан болған. Бұл еңбек қауіпсіздігі талаптарын барлық бағытта кешенді түрде күшейту қажеттігін аңғартады.
Өндірістік жарақаттанудың алдын алу мақсатында облыста халықаралық тәжірибеге негізделген «Vision Zero»тұжырымдамасы мен «Халықтық бақылау» жобасы енгізілген. Бұл бастамалар еңбек қауіпсіздігіне тек бақылаушы органдар ғана емес, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің де ортақ жауапкершілікпен қарауын көздейді. Яғни қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыру тек тексеру жүргізумен шектелмей, күнделікті өндірістік процестің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс.
Қазіргі таңда облыс кәсіпорындарында 941 өндірістік кеңес жұмыс істейді. Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына қоғамдық бақылау жүргізетін 1333 техникалық инспектор қызмет атқаруда. Бұл өндірістегі тәуекелдерді ерте анықтап, еңбек ұжымдарында қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды тетіктердің бірі саналады.
Бұдан бөлек, өңірде 2024–2026 жылдарға арналған «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясында еңбек жағдайларын жақсарту, өндірістік жарақаттануды азайту және еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Еңбек қауіпсіздігі – заң талабын орындаумен ғана шектелетін мәселе емес. Бұл – әрбір жұмысшының өмірі мен денсаулығына деген жауапкершілік. Сондықтан өндірістегі әрбір қайғылы жағдайдан сабақ алып, қауіпсіздік талаптарын сақтауға жұмыс беруші де, жұмыскер де бірдей мүдделі болуы қажет. Өйткені еңбек адамының амандығынан асқан құндылық жоқ.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды






