Жамбыл ауданы, Аса ауылындағы Жастар орталығының акт залында «Квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс институтын дамыту. Мемлекеттік басқару және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жүйесіндегі «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.
Аталған іс-шара Жамбыл ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі мен «Адал қоғам» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті. Семинардың негізгі мақсаты – квазимемлекеттік сектордағы комплаенс қызметінің маңызын түсіндіру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы тиімді тетіктерді талқылау және қоғамда заң мен тәртіп қағидаттарын нығайту.
Іс-шара барысында Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Махпал Сатыбалдықызы Досымбекова сөз сөйлеп, қоғамдағы ашықтық пен әділдікті қалыптастыру – ортақ міндет екенін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің бас маманы Таңшолпан Бақытәліқызы Нурханова мемлекеттік басқару жүйесіндегі комплаенс қызметінің рөлі мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу шаралары туралы баяндама жасады.
Семинар аясында «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің сарапшысы, заңгер Самира Өмірбайқызы Тайтенова «Квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс институтын дамыту» тақырыбында тәжірибелік бағыттағы мазмұнды ақпаратпен бөлісті.
Іс-шараның тәжірибелік бөлімінде қатысушылар интерактивті кейстер мен воркшоптарға қатысып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың тиімді жолдарын талқылады. Бұл формат қатысушылар арасында пікір алмасуға, тәжірибе бөлісуге және кәсіби байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.
Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталып, кері байланыс жұмыстары жүргізілді.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды






