Ауыл тазалығын қамтамасыз ету, жастарға арналған спорт нысандарын дамыту, әлеуметтік көмектің әділ бөлінуін қадағалау және жергілікті бюджетті жоспарлауға тұрғындарды қатыстыру. Бұл – Т. Рысқұлов аудандық мәслихатының №10 бірмандаттық сайлау округі бойынша кандидат Жауын Нартай Ернарұлының сайлауалды бағдарламасында қамтылған негізгі басымдықтар, деп хабарлайды TURANINFO.KZ.
Таза әрі көрікті ауыл
Кандидат ауылдардың тазалығы мен абаттандырылуын тұрғындардың өмір сапасына әсер ететін маңызды мәселелердің бірі ретінде қарастырады.
Сайлауалды бағдарламасына сәйкес, ол «Таза Қазақстан» бастамасы аясында тұрмыстық қалдықтарды уақтылы шығаруды жүйелеуге және көшелерді көгалдандыруға ықпал етуді жоспарлап отыр.
Ауыл жастарына жаңа мүмкіндіктер
Жауын Нартай жастар саясаты саласында еңбек етіп келеді. Ол 2024 жылдан бастап аудандық Жастар ресурстық орталығының Ұйымдастыру және бақылау бөлімін басқарады.
Кандидаттың пікірінше, ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға жағдай жасау маңызды.
Осы мақсатта заманауи спорт алаңдарын салу, спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелердің қолжетімділігін арттыру ұсынылған.
Сонымен қатар мәдениет үйінің жұмысын жандандырып, жас таланттарға қолдау көрсету мәселесі де назарда.
Әлеуметтік әділдік және медициналық қызмет
Бағдарламаның тағы бір бағыты – әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың мүдделерін қорғау.
Кандидат көпбалалы отбасыларға, ардагерлерге, жалғызбасты қарттарға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік көмектің дер кезінде әрі әділ жеткізілуін бақылауға ниетті.
Ауылдық амбулатория мен медициналық пункттердің жағдайын жақсарту, қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және медициналық қызмет сапасын бақылау да ұсыныстар қатарында.
Ашық бюджет және тұрғындармен есептесу
Жауын Нартай жергілікті бюджетті жоспарлау және жұмсау кезінде тұрғындардың пікірін ескеруді маңызды деп санайды.
Ол азаматтармен тұрақты ашық кездесулер өткізіп, әрбір өтініш пен ұсыныстың қаралуына ықпал етуді көздейді.
«Жас келсе – іске» деген халық даналығын алға тартқан кандидат жастардың жаңа идеялары ауданның дамуына серпін бере алатынына сенім білдіреді.
«Сөзбен емес, нақты іспен нәтиже көрсетуге уәде беремін», – деп атап көрсетеді Жауын Нартай.
Кандидаттың сайлауалды бағдарламасы ауылдардың тазалығын жақсарту, жастарды қолдау, әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру және жергілікті шешімдерге халықтың қатысуын кеңейту мәселелерін қамтиды.
Тапсырыс беруші: Жауын Нартай Ернарұлы.
Дайындаған: ID Corp ЖШС.
Қаржыландыру көзі: республикалық бюджет.
Т. Рысқұлов аудандық мәслихатының №10 бірмандаттық сайлау округі бойынша кандидаттың сайлауалды үгіт материалы.






