Елімізде жарияланған Жалпыұлттық аза тұту күніне байланысты Тараз қаласының туған күніне орай жоспарланған ауқымды мәдени-көпшілік іс-шаралар тоқтатылды деп хабарлайды Тараз қаласының әкімдігі.
Қала күніне орай барлығы 34 әдеби, мәдени және спорттық іс-шара жоспарланғанымен, ел басына түскен ауыр қайғыға орай оларды өткізбеу туралы шешім қабылданды.
Атап айтқанда, 26 қыркүйек күні сағат 19:00-де «Көне Тараз» кешенінде эстрада өнері жұлдыздарының қатысуымен өтуі тиіс «Сүйікті қалам – Тараз!» атты мерекелік концерт ұйымдастырылмайды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өкімімен 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасында Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланған болатын.
Осыған орай, еліміздің барлық өңірінде бұқаралық шаралар тоқтатылды. Мерекелік концертке қатысуы тиіс өнер иелері де бұл шешімді қолдап, қаралы кезеңде ойын-сауық шараларын өткізуді жөнсіз санады.
Тараз қаласының әкімдігі тұрғындарды қабылданған шешімге түсіністікпен қарап, қаза болған әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтуға шақырады.







