№1 бірмандаттық аудандық сайлау округі бойынша Жамбыл аудандық мәслихатының депутаттығына «Әділет» партиясынан ұсынылған кандидат Бақытжан Сағдиллаұлы Шабанбаевтың 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аудан тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей әсер ететін өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. 1990 жылы 28 қазанда Жамбыл облысының Аса ауылында дүниеге келген кандидат осындағы Жеңістің 30 жылдығы атындағы орта мектепті бітіріп, «Парасат» колледжінде «Экономика» мамандығы бойынша, ал академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша үздік дипломмен білім алған. 2012 жылдан бері Жамбыл ауданы білім бөлімінде инженер-құрылысшы болып қызмет атқарып келе жатқан ол білім беру инфрақұрылымы мен ұйымдастырушылық жұмыстардың басы-қасында жүріп, өңірдің шаруашылық мәселелерін жақсы меңгерген.
Бағдарламаның басты бағыттарының бірі — ауданның жол-көлік және коммуналдық инфрақұрылымын жаңғырту. Атап айтқанда, 2029 жылы Бірлесу–Еңбек ауылындағы «Қазфосфат» гипс зауытына апаратын жолды орташа жөндеуге ықпал ету, Аса ауылындағы Шаңқай алқабының, Рахат, Бірлесу–Еңбек және Шоқай ауылдарының көшелерін жөндеу, сондай-ақ аталған елді мекендер мен Бәйтерек алқабынан аудан орталығына және Тараз қаласына қатынайтын қоғамдық көлік қозғалысын жақсарту көзделген. Сонымен қатар Шаңқай, Бәйтерек алқаптары мен Бірлесу–Еңбек, Шоқай, Рахат ауылдарында ауызсу қысымын тұрақтандыру, тозған инженерлік желілерді жаңарту, электрмен үздіксіз қамтамасыз ету, көше жарығын кеңейту және ұялы байланыс пен интернет сапасын арттыру үшін арнайы антенналар орнату міндеттері белгіленген.
Әлеуметтік салада кандидат білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау ісіне айрықша назар аударады. Сайлауалды құжатта Рахат ауылында жаңа үлгідегі бастауыш мектеп салуға ықпал ету, Бірлесу–Еңбек орта мектебінің, №3 орта мектептің және Рахат бастауыш мектебінің материалдық-техникалық базасын нығайту, балалар мен спорт алаңдарын дамыту, мектепке баратын жолдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құрылыс сапасына қоғамдық бақылауды күшейту қарастырылған. Бұдан бөлек, ауылдық медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаторияларды жөндеп, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге, бейінді мамандар қызметінің қолжетімділігін арттыруға және «Дипломмен ауылға» жобасы арқылы жас мамандарды тартуға жәрдемдесу, сондай-ақ әлеуметтік осал топтар мен мұқтаж отбасыларды қолдап, аудан мекемелерінде кедергісіз орта қалыптастыру жоспарланған.
Ауыл экономикасын дамыту, кәсіпкерлікті өркендету және жастарды қолдау бағытында да нақты шаралар қамтылған. Бағдарлама аясында «Ауыл аманаты» және «Іскер аймақ» жобалары арқылы ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие беру мүмкіндіктерін кеңейту, жеке қосалқы шаруашылықтар мен отбасылық бизнесті дамыту, жайылымдық жерлермен қамту және ветеринариялық инфрақұрылымды жетілдіру ұсынылған. Шағын бизнесті, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді және инвестиция тартуды қолдау арқылы тұрақты жұмыс орындарын ашу, кәсіптік оқытуды ұйымдастыру, «Жасыл ел» және «Жастар тәжірибесі» бағдарламаларымен жастарды жұмыспен қамту, сондай-ақ Бірлесу–Еңбек ауылында спорт алаңын салу көзделген. Бақытжан Шабанбаев өз ұстанымында әр ауылдың қажеттілігін ескере отырып, тұрғындармен ашық байланыс орнатуды және депутаттық өкілеттік аясында жергілікті мәселелердің шешілуіне ықпал етуді басты міндет ретінде айқындайды.
Дайындаған: «ID Corp» ЖШС.
Тапсырыс беруші: Б.С. Шабанбаев.
№1 бірмандаттық аудандық сайлау округі бойынша Жамбыл аудандық мәслихатының депутаттығына кандидаттың сайлауалды үгіт материалы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді.







