Осы ұстанымды берік ұстанып, ауыл-аймақты қамтыған нақты істермен халықтың алғысына бөленіп жүрген ұйымдардың бірі – «Мойынқұм Мүбарак» қоғамдық қайырымдылық қоры. Қордың негізін қалаушы әрі басшысы – Сағадин Ерқанат Нұржанұлы.
Қор жұмысының басты мақсаты – аудандағы әлеуметтік әлсіз топтарға көмек көрсету, жастардың білімге құштарлығын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау, еңбекқорлыққа баулу және адамгершілік құндылықтарды дәріптеу. Бұл тек қағаз жүзіндегі ниет емес – қор нақты істермен дәлелдеп келе жатқан шынайы қамқорлық алаңы.
2021 жылдан бері қор жүзден астам іс-шара ұйымдастырып, тек материалдық емес, моральдық қолдауды да қатар көрсетіп келеді. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік себеттерін тарату, түрлі қайырымдылық акциялар ұйымдастыру – қордың күнделікті жұмыс форматына айналған.
Ерекше атап өтуге тұрарлық жайт – «Мойынқұм Мұбарак» қоры үш отбасының баспаналы болуына тікелей ықпал етіп, қиын жағдайдағы азаматтарға үміт пен сенім сыйлады. Бұл – шалғай аудан үшін үлкен жетістік әрі нақты нәтижеге бағытталған қайырымдылықтың айқын үлгісі.
Заң жүзінде қордың екі мүшесі ғана болса да, ұйым еріктілік рухын басты қозғаушы күшке айналдырған. Жергілікті жастар өз еркімен көмек қолын созуға ұмтылып, волонтерлікке белсенді араласып келеді. Қор бұл бастаманы жүйелі бағытқа қойып, жастардың бойында азаматтық жауапкершілік пен ізгі ниетті әрекет ету дағдыларын қалыптастыруда.
Сондай-ақ ұйым жастардың бос уақытын тиімді өткізу, білім мен спортқа құштарлығын ояту бағытында да бастамалар көтеріп келеді. Бұл арқылы Мойынқұм жастарының бойында патриоттық сезім, еңбексүйгіштік пен қоғамдық белсенділік секілді қасиеттер нығая түсуде.
«Мойынқұм Мүбарак» қайырымдылық қоры – бұл аудан көлемінде ғана емес, баршаға үлгі болатын шынайы жанашырлықтың белгісі. Болашағына үмітпен қараған, өзгеге көмектесу арқылы өз орнын таба білген ұйым алдағы уақытта да ізгілікті істерін жалғастырып, мейірімді қоғам қалыптастыруға барынша үлес қоса бермек.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық тапсырыс негізінде жарияланды.






