Т. Рысқұлов аудандық мәслихатының №3 бірмандаттық сайлау округі бойынша «Әділет» партиясынан ұсынылған кандидат Ұлбосын Акишева сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Ол ауыл шаруашылығын дамыту, білім беру сапасын арттыру, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту және тұрғындардың мәселелерін шешуге ықпал етуді басты міндеттерінің бірі ретінде атап өтті, деп хабарлайды TURANINFO.KZ ақпарат агенттігі.
Білім саласындағы тәжірибелі маман
Акишева Ұлбосын Мақсатқызы 1977 жылғы 29 желтоқсанда Жамбыл облысы Т. Рысқұлов ауданының Бірлес ауылында дүниеге келген.
1984–1992 жылдары Бірлес орта мектебінде, 1993–1994 жылдары Алғабас орта мектебінде білім алған.
1997 жылы Құлан ауылшаруашылық колледжін ауылшаруашылық өндірісіндегі бухгалтерлік есеп, талдау және бақылау мамандығы бойынша тәмамдаған.
2010 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Филология: қазақ филологиясы» мамандығы бойынша бітірген. 2020 жылы Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білімін жетілдірген.
2005–2007 жылдары Құлан ауылшаруашылық колледжі жанындағы №2 лицейде кітапханашы болып жұмыс істеген.
2007–2021 жылдары Құлан агротехникалық жоғары колледжінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы қызметін атқарған.
2021 жылғы ақпан айынан бастап аталған колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек етіп келеді.
Отбасылы, үш қыз және бір ұл тәрбиелеп отыр.
Ауыл шаруашылығын дамыту – маңызды бағыт
Кандидаттың сайлауалды бағдарламасында ауыл шаруашылығы саласына ерекше назар аударылған.
Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мемлекеттік қолдау көрсету тетіктерін жетілдіруге, ауылдарды дамытуға және мал шаруашылығының мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға ықпал ету көзделген.
Сонымен қатар бәсекеге қабілетті, сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге жағдай жасауға бағытталған бастамаларды қолдауды жоспарлап отыр.
Білім беру және әлеуметтік инфрақұрылым
Ұлбосын Акишева мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту мәселесін де негізгі басымдықтарының қатарына енгізген.
Кандидат аудан аумағында білім беру және спорт нысандарының санын арттыру, тұрғын үй мәселелерін шешу жолдарын қарастыру қажеттігін атап өтеді.
Халық сенімі – үлкен жауапкершілік
Ұлбосын Акишева депутаттық қызметті атақ немесе марапат алу мүмкіндігі емес, халық алдындағы жауапкершілік деп бағалайды.
«Менің бар мақсатым – халыққа адал қызмет ету. Халықтың пікірімен санасып, елдің үмітін ақтау үшін аянбай еңбек ету – әрбір еңбек адамының борышы», – дейді кандидат.
Ол депутат болып сайланған жағдайда тұрғындардың мүддесін қорғауға, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдауға және көтерілген мәселелердің шешілуіне атсалысуға ниетті.
Ұлбосын Акишеваның сайлауалды бағдарламасы ауыл шаруашылығын дамыту, білім беру сапасын арттыру және аудан тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешуге ықпал ету бағыттарын қамтиды.
Дайындаған: «ID Corp» ЖШС.
Тапсырыс беруші: Ұ.Акишева
Бірмандаттық аудандық сайлау округі бойынша Т.Рысқұлов аудандық мәслихатының депутаттығына кандидаттың сайлауалды үгіт материалы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді.






