Turaninfo.kz ақпарат агенттігі Жамбыл облысы әкімдерінің 2026 жылғы бірінші тоқсан қорытындысы бойынша қызметіне дәстүрлі рейтингтік шолу жасады. Бағалау әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің орындалу деңгейіне негізделіп, әкімдер үздік, ортаңқол және аутсайдер топтарына бөлінді.
🟢 Үздік үштік
1-орын – Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркепов
Аудан барлық бекітілген индикаторларды толық орындаған. Әсіресе инвестиция тарту көрсеткіші 10,8 есеге өсіп, айқын нәтиже көрсеткен.
2-орын – Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков
Инвестиция жоспары 55,9% деңгейінде орындалғанымен, өзге көрсеткіштер толық қамтылған. Қала инфрақұрылымында оң өзгерістер байқалады. Дегенмен, қыс мезгілінен кейінгі жолдардың жағдайы мен қар тазалау мәселелері өзекті күйінде қалып отыр. Сонымен қатар, “Ұлы дала” және “Бурыл” алқаптарындағы жаңа жолдар мен тұрғын үйлердің берілуі – нақты нәтижелердің көрінісі.
3-орын – Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев

Инвестиция көрсеткіші 62,2% орындалған, қалған индикаторлар толық қамтылған. Құрылыс саласы 4 есеге артқан. Ауданда қант зауытының құрылысы басталып, кірпіш және шыны зауыттары іске қосылған. Сарыкемер ауылындағы тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде.
🟡 Ортаңқол әкімдер
4-орын – Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков
Ауданның әлеуеті жоғары болғанымен, бірқатар инфрақұрылымдық мәселелер шешімін таппай отыр. Атап айтқанда, Шу–Қайнар тас жолының жағдайы нашар, тұрғын үй кезегі жылжымай келеді. Сонымен қатар, кәріз жүйесінің жоқтығы мен электр энергиясының тұрақсыздығы тұрғындар наразылығын тудыруда.
5-орын – Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Кәрентаев

Ауданның негізгі мәселесі – газдандыру. Жоба іске асу сатысында болғанымен, халыққа нақты газ жеткізілмеген. Сонымен қатар, ауыз су жүйесіндегі ақаулар мен электр жарығының жиі сөнуі өзекті мәселе болып отыр.
6-орын – Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза

Негізгі орындалмаған көрсеткіш – инвестиция. Дегенмен, “Көксай” туристік аймағы қыс мезгілінде сұранысқа ие болып, туризмнің дамуына серпін берген. Алдағы кезеңде сервистік сапаны арттыру қажет.
🔴 Аутсайдерлер
7-орын – Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков

Екі негізгі индикатор – инвестиция және тұрғын үй құрылысы – орындалмаған. Кадрлық өзгерістер мен салаға жауапты тұлғалардың тиімді жұмыс жүргізбеуі кері әсерін тигізген.
8-орын – Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов

Өңдеу өнеркәсібі мен инвестиция көрсеткіштері орындалмаған. Өнеркәсіптік әлеуеті жоғары аудан үшін бұл – елеулі кемшілік.
9-орын – Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков

Құрылыс және инвестиция бағыттары бойынша жоспар орындалмаған. Халық саны көп ауданда құрылыс қарқынының төмендеуі алаңдатады. Сонымен қатар, алтын өндіру жобасының тоқтап қалуы инвесторлармен жұмыстың әлсіздігін көрсетеді.
10-орын – Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы

Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және қайта өңдеу салаларында үш көрсеткіш орындалмаған. Алғашқы жылдардағы жоғары қарқын соңғы уақытта бәсеңдегені байқалады.
11-орын – Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов

Төрт негізгі көрсеткіш – өнеркәсіп, қайта өңдеу, инвестиция және құрылыс – орындалмаған. Әлеуеті жоғары ауданның көрсеткіштері төмен деңгейде қалып отыр. Бұл жағдай басқару тиімділігі мен жауапты тұлғалардың жұмысын қайта қарауды талап етеді.
Қорытынды
Аталған рейтинг – Turaninfo.kz агенттігінің дәстүрлі сараптамалық шолуы. Бағалау нәтижелерімен келісу немесе келіспеу – әр оқырманның жеке ұстанымы. Дегенмен, рейтинг өңірдегі басқару тиімділігін саралауға және проблемалық бағыттарды айқындауға мүмкіндік береді.
Авторы: Исламбек Дастан.










