– Индира Бекенқызы, Сіз кәсіби қаржыгерсіз, ұзақ жылдар бойы әкімдік аппараты мен салық саласында жұмыс істедіңіз, ал соңғы 13 жылда Аудандық мәдениет үйін басқарып келесіз. Сонымен қатар мәслихаттың үш шақырылымының депутаты болдыңыз. Осындай әр саланың қыр-сырын білетін басшы ретінде айтыңызшы, Қызылқайнар және Жасөркен ауылдарының тұрғындарын көбірек мазалайтын нәрсе – рухани мәдениет пе, әлде жол, ауызсу, газ секілді күнделікті тұрмыстық инфрақұрылым ба? Депутат ретінде бұл екеуін қалай теңгермексіз?
– Иә, өзіңіз айтқандай, мен осы ауданда түрлі салада қызмет атқардым. Қазіргі таңда да халықпен етене жақын, тығыз байланыста жұмыс істеп келемін. Мен осы ауданда туып-өстім, осы өңірде еңбек етіп жүрмін. Сондықтан аудандағы барлық елді мекенді аралап, тұрғындарды жақсы танимын, халық та мені таниды деп сенімді түрде айта аламын.
Өзіңіз атап өткендей, біздің мекеменің қазіргі жұмысы – ауданның барлық іс-шараларын дайындап, түрлі мерекелер мен атаулы күндерде халыққа рухани демалыс сыйлау. Бұл еңбегіміз үшін тұрғындардың алғысы мен батасын алып жатамыз.
Ал депутаттық қызметке келетін болсақ, депутат дегеніміз – халық пен биліктің ортасындағы алтын көпір ғой. Сондықтан бұл қоғамдық жұмыс маған аса қиындық тудырмайды, керісінше, туған ауданыма, еліме, халқыма қызмет ету маған үлкен жауапкершілік пен жігер береді. Депутаттың басты міндеті – халықтың ұсыныс-пікірін жинақтап, тиісті мекемелерге ресми хат пен депутаттық сауал жолдау, одан кейін оның орындалуын міндетті түрде бақылап, нақты нәтижеге қол жеткізу. Әрине, мұның бәрі бюджетке келіп тіреледі. Сол себепті мәселелерді сессиялар мен тұрақты комиссияларда көтеріп, тиісті қаржының бөлінуіне ықпал ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылады.
Өзіңіз айтқандай, мен осыған дейін үш шақырылымда депутат болдым. Соңғы рет Қызылқайнар ауылынан сайлауға түсіп, халықтың қолдауымен мандат иелендім. Ол жерде де тұрғындармен бірлесіп атқарған біраз ауқымды жұмыстарымыз бар. Мәселен, мәдениет саласына келетін болсақ, бұрын бұл ауылда мәдениет үйінің ғимараты болмаған еді. Оның бой көтеруіне менің де кішкене үлесім бар деп айта аламын: халықтың ұсынысын аудан басшылығына жеткізіп, қолдау табуына атсалыстық. Бүгінде сол мәдениет үйінің жұмыс істеп тұрғанына бір жылдан асты. Қазір ғимарат ішінде жасөспірімдерге, жастар мен мектеп оқушыларына арналған түрлі үйірмелер жұмыс істейді, ауылдың мәдени іс-шаралары өткізіледі. Сонымен қатар онда әжелер алқасының клубы орналасқан, аталарымыздың Ардагерлер кеңесіне де арнайы кабинет берілген. Бір сөзбен айтқанда, ауылдың бүкіл қоғамдық-мәдени тыныс-тіршілігі осы мәдениет үйінде шоғырланған. Әрине, бұл – бәріміз үшін үлкен жетістік.
Енді Қызылқайнар мен Жасөркен ауылдарына келетін болсақ, қазіргі таңда тұрғындарды толғандырып отырған басты мәселелер де бар. Атап айтқанда, халыққа жаңа тұрғын үй массивінен жер телімдері беріліп, бүгінде онда үйлер салынып жатыр. Енді сол жаңа алқапқа электр бағаналарын тарту және көгілдір отынмен қамту (газдандыру) мәселесі өте өзекті болып тұр. Бұдан бөлек, ауылдың ескі бөлігіндегі электр бағаналарының да тозығы жеткен, оларды да жаңарту қажет.
Егер халық қолдап, депутаттыққа қайта сайланып жатсам, алдағы уақытта дәл осы бағыттарда нақты жұмыс істейтін боламыз. Ауыл болған соң күнделікті тіршілікте түрлі мәселелер туындап отыратыны заңдылық. Ең бастысы – тұрғындардың ұсыныс-тілектерін дер кезінде қабылдап, тиісті орындарға жеткізу және олардың орындалуын қатаң бақылауда ұстау.
– Қызылқайнар мен Жасөркен ауылдары негізінен аграрлық бағыттағы елді мекендер. Шаруалар үшін суармалы судың маңызы зор екені белгілі, сонымен қатар ауыл ішіндегі жол мәселесі де тұрғындарды жиі толғандырады. Осы бағытта қандай нақты жұмыстар жоспарланып отыр?
– Ал енді ауыл халқы негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысатындықтан, алдағы уақытта ағын су келетін каналдарды тазалау мәселесі де өте өзекті болып тұр. Негізінен, бұл екі ауылда да ішкі жолдар мәселесі өз шешімін тауып, жөндеу жұмыстары жүргізілген. Дегенмен, әлі де жөндеуді қажет ететін бірлі-жарым көше бұрылыстары бар. Сондықтан алдағы уақытта осы бағытта да тиісті жұмыстарды жалғастыруымыз керек.
– Ауыл халқының саны өсіп, жаңа тұрғын үй алқаптары бой көтеріп келеді. Бағдарламаңызда ауыл инфрақұрылымын дамытуға басымдық берілген екен. Жаңа қоныстанушыларды қажетті игіліктермен қамту мәселесі қалай шешілмек?
– Менің сайлауалды бағдарламамда көрсетілгендей, басты міндеттердің бірі – ауылдардың инфрақұрылымын дамыту, яғни ауызсу, газ, жол және электр жарығы мәселелерін шешу. Негізінен, екі ауылдың өзінде бұл мәселелер түбегейлі шешімін тапқан. Алайда қазіргі уақытта жаңа тұрғын үй алқабы беріліп, ол жерде тұрғындар жаппай үй салып жатыр. Сондықтан дәл осы жаңа тұрғын үй алқабын көгілдір отынмен, ауызсумен, жолмен және электр жарығымен қамтамасыз ету мәселесі алдағы уақытта кезек күттірмейтін жұмыстардың қатарында тұр. Себебі тұрғындардың 50 пайыздан астамы үй салып, қоныстанып жатқан жағдайда бұл инфрақұрылым мәселелері толық шешімін табуы тиіс. Алдағы уақытта біз дәл осы бағытта белсенді жұмыс жасайтын боламыз.
– Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, кәсіпкерлікке баулу үшін мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру көзделген. Қайтарымсыз гранттар мен «Ауыл аманаты» жобасының қарапайым халыққа қолжетімді болуына қалай ықпал етесіз?
– Мемлекеттік қайтарымсыз гранттар мен «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жаңа отбасылық бизнесті дамытуға қолдау көрсету бағытында нақты міндеттер қойылған. Негізінен, мұндай гранттар арнайы комиссияның қарауымен берілетіндіктен, тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының сапалы жүргізілуі жақсы нәтиже береді деп сенімді түрде айта аламын. Осыған орай, тиісті бөлімдер мен мекемелер тарапынан осы бағыттағы жұмыстардың уақтылы әрі жүйелі жүргізілуін бақылауға аламын. Сонда ғана бұл бағдарламалар ауыл халқы үшін өз жемісін береді деп ойлаймын.
– Елді мекендердегі білім беру ұйымдарының жағдайы да назардан тыс қалмаған болар. Жасөркен және Әуезов орта мектептерінде қандай жөндеу және жаңғырту жұмыстары кезек күтіп тұр?
– Жасөркен мектебі мен өзге де орта мектептерде сынып-комплектілердің, яғни білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын толық жаңарту қажет етіледі. Сонымен қатар Жасөркен орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары қажет, бұл 2028–2029 жылдарға жоспарланған болатын. Бұдан бөлек, Әуезов орта мектебінде де ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, соның ішінде спорт залын жөндеу мәселесі өзекті болып отыр. Міне, осындай жұмыстарды алдағы уақытта аудандық білім бөлімімен бірлесе отырып жүзеге асыратын боламыз және әрине, олардың сапалы орындалуын қатаң қадағалауда ұстаймыз.
– Қазіргі цифрландыру заманында мектеп кітапханаларын жаңа форматқа көшіру уақыт талабы. Оқушылардың заманауи білім ресурстарына қолжетімділігін арттыру үшін қандай бастамалар ұсынасыз?
– Бұл жерде «Е-кітапхана» жүйесін ақпараттандыру базасына қосу мәселесі қарастырылған. Мұның басты мақсаты — оқушылардың сабаққа қажетті оқулықтар мен қосымша материалдарды электронды базадан еркін алуына жағдай жасау. Бұл балалардың уақытын тиімді пайдалануына, керекті кітапты іздеп тауып, кез келген уақытта ашып оқуына үлкен көмегін тигізеді, яғни білім алу процесінде тиімділігі өте жоғары. Алайда қазіргі таңда бұл жүйенің жұмысы тоқтап тұр екен. Алдағы уақытта осы бағытты қайта жандандырып, әрі қарай дамытқан өте дұрыс деп ойлаймын.
– Жауабыңызға көп рақмет!
Дайындаған: «ID Corp» ЖШС.
Тапсырыс беруші: И.Б. Тоғанбаева.
№12 бірмандаттық аудандық сайлау округі бойынша Жамбыл аудандық мәслихатының депутаттығына кандидаттың сайлауалды үгіт материалы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді.







