Қала күніне орай, Тараз қаласында отбасы құндылықтарын дәріптеуге, ұлттық салт-дәстүр мен ұрпақтар сабақтастығын насихаттауға бағытталған «Ене мен келін – бір шаңырақтың шырағы» атты өнегелі отбасы байқауы өтті.
Іс-шара Ы. Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде ұйымдастырылды.
Байқауды Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі және «Жамбыл облысы жастар қауымдастығы» ұйымдастырды.
Сайысқа ене мен келіннен құралған отбасылық жұптар қатысып, өзара түсіністік, сыйластық пен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін өнерлерін ортаға салды.
Қатысушылар бес кезең бойынша бақ сынады:
- «Ене – бәйтерек, келін – жапырақ» – таныстыру;
- «Дәстүр сөйлейді» – салт-дәстүр бойынша сұрақтар;
- «Дәстүріміз ұрпаққа аманат» – салт-дәстүрге байланысты үй тапсырмасы;
- «Өнерлі елдің өрісі кең» – өнер көрсету;
- «Қонақжайлық – ата дәстүріміз» – ұлттық тағам және үй тапсырмасы.
Әр кезеңде қатысушылардың өнері, салт-дәстүрді білуі, шығармашылығы мен өзара үйлесімі бағаланды.
Байқау барысында ене мен келін арасындағы сыйластық, отбасындағы татулық пен үлкенді құрметтеу секілді құндылықтарға ерекше мән берілді.
«Ене мен келін – бір шаңырақтың шырағы» байқауы – ұлттық тәрбиені ұлықтап, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін тағылымды шаралардың бірі болды.







