Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауына байланысты, ел ішінде еңбек адамының абыройын арттыру бағытында бірқатар шаралар қолға алынуда. Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Әрі біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз» деген болатын. Осы бағытта Мойынқұм ауданының әкімі жұмыс сапары барысында қарапайым еңбек адамдарына құрмет көрсетіп, олардың отбасыларына барып, Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Еңбегімен елге үлгі болған азаматтар
Әкімнің алғашқы сапары Мойынқұм ауылдық округінде орналасқан Таңатов Мақсат Шәкиұлының шаңырағында өтті. 13 жыл бойы экскаватор жүргізушісі болып адал еңбек етіп келе жатқан Мақсат Шәкиұлы өзінің қажырлы еңбегімен отбасын асырап, қоғамға пайдасын тигізіп жүр. Оның еңбегі елдің дамуына қосқан үлесінің айғағы іспеттес.
Келесі кезекте Бірлік ауылдық округінің орманшысы Мәуленов Бақытжан Өмірзақұлының үйіне арнайы барды. 8 жылдық еңбек өтілі бар, үш баланың әкесі Бақытжан Өмірзақұлы табиғатты қорғау саласында аянбай еңбек етіп келеді. Оның адалдығы мен еңбекқорлығы жас ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.
Әйел затының қажырлы еңбегі
Айдарлы ауылдық округінде әкім Тілеубаева Күлзада Тілеубайқызының шаңырағына барып, ақ жаулықты анамызды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Ол «Айдарлы совхозының» қызылша шаруашылығында, сүт фермасында сауыншы болып, сондай-ақ бас шопан қызметін атқарған. 1987 жылы аудандық депутат, 1989-1991 жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып қызмет еткен Күлзада Тілеубайқызы бүгінде «Ынтымақ» шаруа қожалығын басқарып келеді. 5 ұл-қыз тәрбиелеп, немере сүйіп отырған аяулы әжеміздің еңбегі зор құрметке лайық.
Еңбекқорлық — қоғамның іргетасы
Бұл сапарлар арқылы аудан әкімі еңбек адамдарының қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті. Еңбектің қадірін біліп, қарапайым жұмысшылардың адал қызметін бағалау — мемлекеттің дамуының негізгі факторларының бірі. Осындай шаралар арқылы жастар арасында еңбекқорлық, кәсібилік құндылықтарын насихаттау жалғасатын болады.
Еңбек адамы — елдің тірегі. Олардың еңбегін бағалау — баршамыздың парызымыз.






