Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абай мұрасын болашақта қалай тиімді пайдалану, әлемге таныту секілді мәселелер туралы ой қозғап, өз ой-тұжырымдарын ортаға салды. Жұртшылық оны аса ризашылықпен қабылдады. Өйткені, Абай – рухани көсеміміз. Оның салған тура, әділетті жолымен жүрсек, адаспаймыз. Оның ілімі алға қойған биік мұрат-мақсаттарымызға жетуге көмектеседі.
Абай – ұлтымыздың бас идеологы. Ол – адам болып қалыптасу үшін жас ұрпақтың зердесіне қандай асыл қасиеттерді сіңіру, қай бағытта тәрбиелеу, болашақта қай бағытпен жүру керектігін айтып кеткен ғұлама адам. Ұлтының бойындағы мінді, кемшілікті аяусыз сынап, одан арылу жолдарын көрсетіп берді. Болашақта әр адам өз бойындағы жағымсыз әдеттерді жоюға ұмтылып, қоғамда орын алған келеңсіздіктермен күресе білуі керек.
Абай – ұлы ағартушы. Туған халқын оқу-білімге, ғылымды үйренуге, өнерді, кәсіпкерлікті игеруге шақырды. Еңбекті дәріптеді. Ғылым-білімі озық елдердің тілін білуге үндеді. Оны білсең, көкірек көзің ашылады, дүниеге көзқарасың кеңейеді, білімін, ғылымын білуге жол ашылады деді. Жастардан үміт күтіп, оларды қандай бағытта тәрбиелеу керектігін өсиет етіп кетті.
Ағартушы Абай «Толық адам» идеясын ұсынды. Қоғам алдына жан-жақты жетілген, кемел, білімді, зиялы, мәдениетті, адамгершілігі жоғары, халқына адал қызмет ететін азамат тәрбиелеу мәселесін көтерді. Ұлы ойшылымыз бір ұлт деңгейінде қалып қоймай, «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген гуманистік ойы оны әлем ақыл-ойының ұшар биігіне көтерді. Ол барлық ұлттың адамдарын сүюді, олармен тату-тәтті өмір сүруді насихаттады.
Ұлы ақынның өсиеті – ел еркіндігі мен бостандығы. Сондықтан Абай мұрасына тәуелсіз жастардың көзқарасы қажет екені анық. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының мақаласы біз сияқты жастарға рух бергендей болды. Ұлттық сананы сақтау мен оны заман талабына сай бейімдеу қашанда өзекті. Бұл ретте, ұлы дананың ой-тұжырымдары бағдаршам, рухани азық болмақ.
Мадияр Сүгіров,
Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі.






