Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы бұл ақпараттың көрінеу жалған екенін ресми түрде мәлімдейді. Құзырлы ведомство мұндай сипаттағы хабарлама таратпаған және аталған партияға қатысты ешқандай тексеру жүргізбегенін хабарлайды.
Жалған ақпаратты таратқандар заң алдында жауап береді. Қазіргі таңда көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталып кетті.
Бас прокуратура «Масс-медиа туралы» және «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңнамаларға сәйкес журналистер мен онлайн-платформа пайдаланушылары ақпараттың шынайылығын тексеруге міндетті екенін ескертеді. Заңға қайшы әрі жалған деректерді таратуға қатаң тыйым салынады. Осыған байланысты қадағалаушы орган барша азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін тек ведомствоның ресми интернет-ресурсында жарияланған шынайы ақпаратқа сүйенуге және заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады.






