Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысында өнеркәсіп секторын цифрлық трансформациялау мәселелері жан-жақты қаралды.
Мемлекет басшысы жаңа цифрлық дәуірде жасанды интеллект бәсекеге қабілеттілікті айқындайтын басты факторлардың біріне айналғанын атап өтіп, БҰҰ-ның 2026 жылғы есебіне сәйкес бұл бағыт әлем экономикасының келбетін өзгертетін бес трансформациялық мегатрендтің қатарына кіргенін жеткізді. Оның айтуынша, қазір табиғи ресурстар мен капитал үшін ғана емес, өндіріс тиімділігі үшін де бәсекелестік қыза түскен. Биылғы сегіз айда өнеркәсіптік өндіріс көлемі 46 триллион теңгеге жуықтап, өңдеу өнеркәсібі 8,4 пайызға өскенімен, экономикалық өсімнің жоғары қарқынын сақтау үшін еңбек өнімділігін арттыру және өнеркәсіп базасын жаңғырту басты міндет болып табылады. Осы орайда Президент өндірістік үдерістерді кешенді түрде трансформациялап, кәсіпорындардың бүкіл өндіріс тізбегін қайта қарауын қажет екенін айтты.
Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, негізгі бизнес-үдерістері жасанды интеллект арқылы өзгеретін кәсіпорындарды анықтау тапсырылды. Сондай-ақ Qazaq AI Research University қолданбалы зерттеулер жүргізетін жетекші алаңға айналып, оның бағдарламалары экономикалық қажеттіліктерге бейімделуі тиіс екені айтылды. Мемлекет басшысы өндірістік Deep-Tech жобаларды ілгерілету үшін AI Challenge механизмін қолдануды, бастапқы тәуекелдерді азайтуға жағдай жасауды және AI-Sana бағдарламасын өндірістік міндеттермен тығыз байланыстыруды міндеттеді. Бұдан бөлек, табысты пилоттық жобаларды коммерцияландыру тетіктерін жеделдету, бизнес-қауымдастықпен бірлесіп бірыңғай стандартқа сай салалық өндірістік мәліметтер базасын қалыптастыру қажеттігі сөз болды.
Кеңес соңында Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта көлік-логистика саласына жасанды интеллектіні енгізу мәселесін талқылауды ұсынып, жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамыту жөніндегі Вашингтон моделіне қолдау білдірді және осы бағыттағы ортақ ұстаным желтоқсан айында Майамиде өтетін G20 саммитінде таныстырылатынын мәлімдеді. Жиында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев және шетелдік сарапшылар баяндама жасады.







