2018 жыл облысымызға Асқар Мырзахметов тағайындалуымен басталып, төрт басқарма басшысы тағайындалып, бір жаңа басқарма ашылды. Тараз қаласының әкімі мен облыс әкімінің орынбасары тағайындалған еді. Ендігі кезекте Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің орта жасын есептеп көрдік. Ұзақ мерзімді қызмет етіп келе жатқан әкімдердің бірі — Мойынқұм ауданының әкімі Нүркенов Бақытжан Балтабекұлына биыл ауданды басқарып отырғанына үшінші жыл. Ал Өмірбеков Мейірхан Азатұлының қызмет етіп келе жатқанына 5-шілде күні екі жыл болмақ. Сарысу ауданының әкімі Нарбаев Балабек Жанбекұлының да қызметіне биыл екінші жылдың көлемі. Ал қызметіне енді ғана кірісіп, білек сыбанып жатқан жаңа әкім 2018 жылы 23 сәуірде Тараз қаласының әкімі болып тағайындалған Әбдірайымов Ғалымжан Райылұлын атасақ болады.
Зейнет жасына жақын Рахманбердиев Рахматілда Сегізбайұлы (62 жаста) — 1956 жылы туылған, жоғары білімді, Жамбыл облысы әкімінің өкімімен 2017 жылы 2- наурызда Байзақ ауданының әкімі болып тағайындалды.
Зейнет жасына жақын екінші болып Байтөле Болатбек Байқонысұлы (59 жаста) – 1959 жылы туылған, жоғары білімді, Жамбыл облысы әкімінің өкімімен 2017 жылы 27-наурызда Қордай ауданының әкімі болып тағайындалған.
Шу, Т.Рысқұлов аудандарын басқарған, Нүркенов Бақытжан Балтабекұлы (58 жаста) – 1960 жылы туылған, жоғары білімді, Жамбыл облысы әкімінің өкімімен 2015 жылы маусым айында Мойынқұм ауданының әкімі болып қызмет етіп келеді.
Облыс орталығына жақын орналасқан аудан әкімі Қазанбаcов Бақыт Алпысбайұлы (57 жаста) – 1961 жылы туылған, жоғары білімді, Жамбыл облысы әкімінің өкімімен 2017 жылы 5 тамызда Жамбыл ауданының әкімі болып тағайындалды.
Мәслихат депутатынан әкімдікке барған, Нарбаев Балабек Жанбекұлы (55 жаста) – 1963 жылы туылған, жоғары білімді, Жамбыл облысы әкімінің өкімімен 2016 жылы 10-қарашада Сарысу ауданының әкімі болып тағайындалған.
«Асар» партиясының облыстық штабын басқарған, Көпбосынов Бахтияр Бейсембайұлы (54 жаста) – 1964 жылы туылған, жоғары білімді, Жамбыл облысы әкімінің өкімімен 2016 жылы 5-шілдеде Жуалы ауданының әкімі болып қызмет етуде.
Қызметке келгеніне тура бүгін бір ай болған, Әбдірайымов Ғалымжан Райылұлы (53 жаста) – 1965 жылы туылған, жоғары білімді, Жамбыл облысы әкімінің өкімімен 2018 жылы 23 сәуірде Тараз қаласының әкімі болып тағайындалды.
Облыстық қаржы басқармасын басқарған, туған топырағына оралған, Қырықбаев Асқар Санатұлы (53 жаста) – 1965 жылы туылған, жоғары білімді, Жамбыл облысы әкімінің өкімімен 2017 жылы 3 шілдеде Т.Рысқұлов ауданының әкімі болып тағайындалған.
Байсалды, кішіпейіл әкім Досаев Қайрат Әскербекұлы (53 жаста) – 1965 жылы туылған, жоғары білімді, Жамбыл облысы әкімінің өкімімен 2017 жылы 27-наурызда Шу ауданының әкімі болып қызмет етуде.
Құрылысты тексеруші қызметінен әкім қызметіндегі Әлиев Досмаханбет Қасымұлы (52 жаста) – 1966 жылы туылған, жоғары білімді, Жамбыл облысы әкімінің өкімімен 2017 жылы 15-қыркүйекте Талас ауданының әкімі болып тағайындалды.
Басқа әріптестеріне қарағанда жас — әкім, Өмірбеков Мейірхан Азатұлы (49 жаста) – 1969 жылы туылған, жоғары білімді, Жамбыл облысы әкімінің өкімімен 2016 жылы 5-шілдеде Меркі ауданының әкімі болып тағайындалған.
Сайланған әкімдердің орташа жасы – 55 жас. Құрдас әкімдер – 53 жастағы Тараз қаласының әкімі Әбдірайымов Ғалымжан Райылұлы, Т.Рысқұлов ауданының әкімі Қырықбаев Асқар Санатұлы мен Шу ауданының әкімі Досаев Қайрат Әскербекұлы.
TURANINFO.KZ