Жамбыл облысы бойынша 102 Ұлы Отан соғысының ардагерлері бар. «Нұр Отан» партиясы Ұлы Жеңіс күні қарсаңында «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» атты жаңа акцияны қолға алды. «Нұр Отан» партиясының Жамбыл облыстық және аумақтық филиалдары «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасын жүзеге асыру мақсатында «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» акциясы аясында Ұлы Жеңіс күні мерекесінде облыстағы барлық ардагерлерді құттықтап, құттықтау хаттары мен сыйлықтар табыс етті. Партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Жүнісәліұлы Шүкеев ең алдымен Ұлы Отан соғысының ардагері 94 жастағы Шалданбай Шанбаев атаның үйіне барып, партия атынан мерекесімен құттықтады. Атаның ерліктері мен жасаған қайсарлықтары туралы естеліктерді тыңдап болған соң соғыс ардагері 92 жастан асқан Передереева Анастасия Николаевнаны құттықтап сыйлықтарын табыс етті. Ал, партия облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тоқтасынұлы Тілеумұрат тыл еңбеккері, жасы 100-ге келген соғыс кезінде қаншама қазақ жауынгерлерін астықпен қамтамасыз еткен Социалистік Еңбек Ері Мәрзия Ибрагимованы және Ұлы Отан соғысының ардагері, облыстық ардагерлер кеңесін 20 жылдан астам уақыт басқарған 93 жасқа келген Тілеуқабыл Төребековты мерекемен құттықтап, сыйлықтарын табыстап, ақ тілектерін жеткізді. Ал, ардагерлер ақ батасын беріп, бейбіт өмір тіледі. Партия облыстық филиалы тарапынан барлық 102 Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне және 200-ге жуық тыл еңбеккерлеріне сыйлықтар дайындалып, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орныбасары Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хаттары таратылды. Сондай-ақ, партия Тараз қалалық және аудандық филиалдарының 337 бастауыш партия ұйымдары мен 200-ге жуық мәслихат депутаттары ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін мерекемен құттықтады. Ал, жасотандықтар ардагерлердің үйлерінде үй шаруасына және көктемгі дала жұмыстарына көмектесті.
Сонымен қатар, «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» акциясы аясында Ұлы Отан соғысы кезінде ерен ерлігімен көзге түсіп, Кеңес Одағының Батыры және басқа да жоғары наградаларға ұсынылған, бірақ түрлі себептермен сол марапатқа қол жеткізе алмаған отандастарымызға құрмет көрсетілмек.
Қазақстан бойынша ондай ардагерлеріміздің қатары 110-ға жетіп жығылады екен.
Қайтпас қайсарлықтың жарқын үлгісін көрсетсе де өзіне тиесілі марапатты ала алмай кеткен ардагер Ұлы Отан соғысында снайпер болған Ибрагим Сүлейменовтің шаңырғына арнайы барып, олардың ұрпақтарымен кездесулер өткізді. Көзін көрген немере қарындасы Айткүл Сүлейменова мен оның туыстарын партия Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, М.Шүкеев партия және жергілікті атқарушы орган тарапынан Ибрагим Сүлейменовтің ерліктерін еске салатын бірнеше жұмыстар атқарылғандығын және ол кісінің есімі мәңгі жадымызда қалатындығын айтты. Айткүл Сүлейменова ұл-қыздары, немерелерімен бірге «Нұр Отан» партиясына Ибрагим Сүйлейменовты ұмытпай, ол кісі туралы үлкен томдық кітапқа материалдар шығарып, ұрпағын елеп келгендігіне алғысын білдірді. Партия тарапынан А.Сүлейменоваға М.Әшімбаевтың құттықтау хаты беріліп, ақ орамал жабылып, арнайы сыйлық берілді. Шара барысында батырдың қарындасы Айткүл Сүлейменова «Еміс-еміс есімде, хат келгенін оқимыз. «Құдай қаласа ауылға қайтамын, жеңіспенен ораламын» дейтін. Бізге енді ақылын айтатын, артында қалғаны жалғыз қызы менен мен ғана ғой. «Сабақтарыңды жақсы оқыңдар, үлгілі болыңдар, міне сендердің апаларың Мәншүк менімен бірге шайқасуда» деп Мәншүктің ерлігін жазатын бізге. Біз көбінесе соларды айтып өстік» деп естеліктерімен бөлісті.
Акцияның нәтижесінде партия қоғам қайраткері, ғалым Берік Әбдіғалиұлымен бірлесіп республика бойынша ардагерлер туралы жан-жақты мәліметтер мен олардың ерліктері жайында тыңғылықты деректер енетін «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» деген кітап басып шығарылады.