Биыл байырғы заманнан бүгінге жеткен маңызы мен мағынасы ерек мерекеміз Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамын қатарынан тоғыз күн тойлаймыз. Бұл туралы Тараз қаласының әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай Наурыз мерекесін өткізу жоспары бойынша өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді. Брифингке сондай-ақ Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің басшысы Біржан Сөктай, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Әбдіманапұлы қатысты. Биылғы мерекенің жөні де жоралғысы да бөлек болғалы тұр. Себебі тойланатын әрбір күннің өзіндік мағынасы, елге берер тәлімі мол. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің басшысы Біржан Сөктайдың мәлімдеуі бойынша 14-наурыз күні ежелден келе жатқан көрісу дәстүрін жаңғырту мақсатында облыс әкімдігіне қарасты мекемелерде, білім ошақтарында, мәдени ұйымдарда түрлі форматтағы қойылымдар ұйымдастырылатын болады. 15-наурыз «Мейірім күні» аталып, қайырымдылық шаралары өтсе, 16-наурыз «Тағзым күні» болып бекітілген. Бұл күні ата-бабалар рухына тағзым етіліп, мешіттерде құран бағыштау рәсімдері, жастар отан қорғаушыларға арналған ескерткіштерге гүл қою шараларын өткізеді. 17 наурыз – «Алас күні» жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылса, 18 наурыз – «Шаттық күні» дүниеге келген сәбилерге арнап әкімдердің атынан арнайы құттықтау әзірленеді. Сондай-ақ нәсертелерге арналған бұйымдардың жәрмеңкесі өтеді. Қала ішіндегі қоғамдық көліктерде бұқараға мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін құттықтаулар ілінеді. 19 наурыз – «Ынтымақ күні» — өңірдегі этномәдени орталықтар мен этнос өкілдерінің ұйымдастыруымен думанды шаралар өткізіледі. 20 наурыз – «Наурыз шашу» күні киіз үйлер тігіліп, алтыбақандар орнатылады. Ақындар айтысы мен байқаулар, төменгі бағамен жәрмеңкелер ұйымдастырылады. 21 наурыз «Үйлесім күні» — күн мен түннің теңелер шағы болғандықтан жастар 22 күнгі таңды қарсы алуға орталық алаңға жиналады. «Селтеткізер», «Ұйқыашар» сынды салттар жасалады. Ал 21-22 наурыз күндері негізгі мерекелік шаралар өтеді. Халыққа мерекенің негізгі ұлық асы наурыз көже таратылып, түрлі ұлттық спорт ойындары ойнатылады. Айта кететін жәйт, спорт ойындарына бағалы сыйлықтар дайындалып, қазақша күрес сайысының жеңімпазына түйе тігу жоспарланып отыр. Өз кезегінде Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Дыбысалыұлы биылдан бастап ауқымды түрде тойланатын үлкен мерекенің 5000 жылдан бері халық үшін маңыздылығын жоймаған орны ерекше мейрам екенін тілге тиек етіп, басқарма тарапынан ұйымдастырылатын ірі шаралардың жоспарымен таныстырды. Сондай-ақ, концерттік шараларға эстрада жұлдыздарын шақыру мәселесі қаралып жатқанын атап өтті. Өңірдегі баспасөз құралдары өкілдерінің бірнеше сауалына жауап берген қала әкімінің орынбасары
Кенжебек Мамашбайұлы биылғы Ұлыстың Ұлы күнін тойлауға жоспар бойынша бюджеттен 4 миллион теңге қаржы бөлінгенін, ал тегін бауырсақтар мен наурыз көже тарату сынды шараларға демеушілер тартылғанын айтты.
TURANINFO.KZ