2015 жылдың 13 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне үкіметтік емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының № 429 Заңы күшіне еніп, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне, Қазақстан Республикасының «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» және «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы» Заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
2016 жылдан бастап, «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 41-бабы 5-тармағына сәйкес мекеме, қоғамдық бірлестік, акционерлік қоғам, қор, қауымдастық (одақ) нысанындағы заңды тұлғалар бірлестіктері нысанында, сондай-ақ осы Заңның 17-бабында көзделмеген өзге де ұйымдық-құқықтық нысандарда құрылған коммерциялық емес ұйымдар, Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын шетелдiк және халықаралық коммерциялық емес ұйымдардың филиалдары мен өкiлдiктерi (оқшауланған бөлiмшелерi) үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті органға жыл сайын есептік мерзімнен кейін әр жылдың 31 наурызына дейін үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган бекітетін тәртіппен өз қызметі туралы, оның ішінде өз құрылтайшылары (қатысушылары), мүлкінің құрамы, ақшаны қалыптастыру көздерi мен жұмсау бағыттары туралы мәлімет жіберу міндеттілді.
Бұл «Үкіметтік емес ұйымдардың дерекқоры» – үкіметтік емес ұйымдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, жұртшылыққа олар туралы ақпарат беру, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру шеңберінде пайдалану, гранттар ұсыну және сыйлықақылар беру мақсатында қалыптастырылған.
Үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорын қалыптастыру бойынша жауапты уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі болып табылады, яғни тікелей жұмысты осы министірліктің Азаматтық қоғам істері комитеті жүргізеді.
ҮЕҰ Дерекқорына өз қызметтері бойынша мәліметтерді уақытылы ұсынған ұйымдар бірнеше артықшылықтарға ие болады. Мысалы Үкіметтік емес ұйымдардың табысты жобаларымен танысуға, тәжірибе алмасуға, ынтымақтастық пен серіктестік орнатуға мүмкіндік беріледі.
Бұдан басқа, ҮЕҰ дерекқорына тіркелу мемлекеттік гранттар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында әлеуметтік бағдарламаларды және (немесе) әлеуметтік жобаларды іске асыруға арналған конкурсқа қатысу үшін міндетті болып табылады. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-1-бабы, 3-тармағына сәйкес Гранттар тарату процесіндегі, дәрменсіз (банкрот) деп танылған, мүлкіне тыйым салынған және (немесе) экономикалық қызметі тоқтатыла тұрған үкіметтік емес ұйымдарды қоспағанда, Үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорына енгізілген үкіметтік емес ұйымдарға конкурстық іріктеу негізінде беріледі.
Қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктері мәліметтерді ҮЕҰ дерекқорына ұсыну міндетті ме деген сұрақтар жиі кездеседі. Қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктері өзінің қызметтері бойынша мәліметтерді өздері ұсынбайды. Олардың қызметі туралы ақпаратты «Бас ұйым» ұсыну қажет.
Үкіметтік емес ұйымдар өз қызметі туралы мәліметтерді ұсыну және олар туралы дерекқорды қалыптастыру қағидаларына сәйкес, Қазақстан Республикасы аумағында тіркелген және Қазақстан аумағында өзінің құрылымдық бөлімшелері бар (филиалдар және өкіледіктер) үкіметтік емес ұйымдар филиалдар мен өкілдіктер туралы мәліметті ұсынуы тиіс.
Егер «Бас ұйым» барлық филиалдар мен өкілдіктер туралы ақпаратты, сонымен бірге өткен жылы филиалдармен немесе өкілдіктермен іске асырылған және асырылатын жобалар туралы мәліметтерді ұсынбаса, онда мәліметтер толық деп есептелмейді және ҮЕҰ Дерекқорына енгізілмейді.
ҮЕҰ Дерекқорына мәліметтерді ұсынбау немесе дәйексіз ақпаратты ұсынған жағдайда «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 489-1 бабына сәйкес:
1. Коммерциялық емес ұйымдардың, Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын шетелдiк және халықаралық коммерциялық емес ұйымдар филиалдары мен өкiлдiктерiнің (оқшауланған бөлiмшелерiнің) үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті органға өз қызметі туралы, оның ішінде өзінің құрылтайшылары (қатысушылары), мүлкінің құрамы, ақшаның қалыптасу көздері және жұмсалу бағыттары туралы мәліметтерді ұсынбауы, уақтылы ұсынбауы, сол сияқты анық емес немесе көрінеу жалған мәліметтерді ұсынуы – ескерту жасауға алып келеді.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жылдың ішінде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік), – жиырма бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не үш ай мерзімге қызметін тоқтата тұруға алып келеді.
Сонымен қатар, «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» ҚР Қаржы министрінің бекітілген бұйрығы 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 648 ережесіне сәйкес әлеуетті өнім беруші, «Үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорында» мәліметтері жоқ әлеуетті өнім берушілер, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен қарастырылған, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберілмейді.
Үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорына мәліметтерді уәкілетті органға: – қағаз және электрондық түрде (Word форматында CD-дисктерде немесе USB-флэш-жинақтаушыларда) пошта арқылы немесе қолма-қол және электронды түрде 2018 жылы 31 наурызға дейін ұсынады, ҮЕҰ Дерекқордың (http://infonpo.kz) интернет-порталы арқылы.
Қолма-қол, ілеспе хатпен болған жағдайда мына мекенжайға жолдайды: 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8, 15-кіреберіс, Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті.
Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұ.Сламбекова