Бүгін байзақтықтар аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиевтің жыл сайынғы халық алдындағы есебін тыңдады. Аудандық мәдениет үйінде өткен есеп жиынына облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қатысып, елдің көкейіндегі көптеген мәселенің тігісін сөгітіп, оның шешілу жолдарын атап өтті. Жиын барысында аудан тұрғындары тарапынан Сарыкемер ауылындағы Маяковский көшесінде тұрмыстық қалдық тастайтын орынның жоқтығы мәселе ретінде көтеріліп, талқыға түсті. Байзақтықтардың базынасына құлақ түрген өңір басшысы Асқар Исабекұлы Сарыкемер ауылының әкімі Сәуле Тілеуқұлованың берген жауабына көңілімі толмай ескерту айтты. — Шынымды айтсам Сарыкемер ауылының әкімінің берген жауабын қанағат тұтпағандарыңызды байқап отырмын. «Істейміз, жасаймыз» дей бермей мәселені шешу керек. Ол жерде қиын ештеңе жоқ. Үлкен бір инновациялық зауыт сал деп жатқан ешкім жоқ. Бар болғаны көшенің тазалығы айтылып жатыр. Сіз, жаңа мемлекеттік сатып алуды өткізіп жатырмыз, анау-мынау деп жатырсыз. Оның бәрі кімге керек? Халыққа мұның бірі де керек емес. Халыққа керегі мәселенің шешілуі ғана. Баға сол арқылы беріледі. Шешілді ма? Онда дұрыс. Ал енді «анау-мынау» деген ол жай ғана сылтау деп ойлаймын. Жалғыз Маяковский көшесі емес, жалпы аудан бойынша бұл мәселені шешу керек. 21 ғасырда қашанғы қоқыстың ортасында отырамыз? Әрбір ауылдық округте тұрмыстық қалдықты сақтайтын орындардың болмауы үлкен проблема. Ертең бұл мәселелерді шешеміз. Басқа ауылдардың төңірегінде қоқыс сақтайтын орындар бар ма? Ол да проблема. Жел тұрған кезде ұшып жүрген пакеттер шыға келеді, айналаның бәрі қоқыс мысалы. Оны реттеп отырған кім? Трактормен келіп, бір шұңқырыңды қазып бәрін реттеуге болады ғой? Өртеп дегендей мысалы. Соның өзі істелмейді, — деді облыс әкімі Асқар Мырзахметов.
Фото Алтынбек Қартабай
Арнайы Байзақ ауданынан TURANINFO.KZ ақпараттық агенттігі