Қазақта «біткен іске сыншы көп» деген тәмсіл бекер айтылмаса керек-ті. Әрине мақсаты бар адам артына жақсы тірліктерді қалдырады. Осы орайда, Кәрім Көкрекбаев өңірге басшылық еткен жылдары облыс орталығы саналатын Тараз қаласында нендей істер қолға алынып, нендей істер атқарылды деген сауалға жауап беріп көрсек.
Ия, жасыратыны жоқ соңғы жылдары көне шаһар тотыдай таранып, қай жағынан болса да дамып келеді. Кәрім Нәсбекұлы қалаға біраз көңіл аударды. Әуелі ол көлік кептелісін тудырмау үшін қаланың басты көшелеріне қосымша бұрылыстар салып берді. Соңғы жылдары көлік саны артып келе жатқан шаһар үшін бұл тиімді болды. Сондай-ақ бұрыннан жыры бітпей келе жатқан Жамбыл даңғылы бойындағы жерасты өткелін де іске қостырды.
Төле би даңғылы студенттік емхана мен Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясы арасына жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі салынды. Сондай-ақ осы даңғылдың соңынан тағы бір осындай өткел бой көтерді. Мұндай өткелдердің қауіпсіздік үшін маңызы зор. Бүгінде облыс орталығында тұрғын үйлер көптеп бой көтеруде.
Мәселен, қаланың батыс жағында орналасқан «Бәйтерек» мөлтек ауданы мен «Арай» алқабын мысалға келтірсек болады. Бұдан өзге Кәрім Көкрекбаев 14-ші және 15-ші мөлтек аудандардың да қазығын қағып кетті. Қазіргі таңда ол жерлерде инфрақұрылымдық жұмыстары жүргізілуде. Сүлейменов көшесінің соңындағы 362 гектарда 10300 отбасына арналған 309 көпқабатты тұрғын үйлерді құрайтын «Тараз сити» қалашығының да құрылысы қарқынды. Құрылысы өткен ғасырдың аяғынан бері тұралап қалаған «сақалды көпірге» жан бітті. Тіпті, оған Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың өзі келіп, бағасын беріп кеткен болатын.
Осыдан 5-6 жыл бұрын қала жастарының серуендейтін орындары туралы айтыла қалған жағдайда «Мега» мәселесі қатты айтылатын. Осы олқылықтың орынын толтыру мақсатында «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы маңынан «Марттың» құрылысы жүргізілуде. Ол алдағы уақытта пайдалануға берілмек. Бұл әрине қала тұрғындары үшін үлкен сый болмақ. Тағы бір айта кететіні, Көкрекбаевтың абыройын асқақтатып кеткен Қазақ хандығының 550 жылдығы. Осы дүбірлі той қарсаңында еліміздің әр облысы қалаға тамаша тартулар жасап, сәнін кіргізіп берді. Әрине, ол іс Көкрекбаевтың ұйымдастыруымен жүргізілгені белгілі. Сондай-ақ Кәрім Нәсбекұлы өткен жылдың наурызында шаһар басшысын ауыстырып, кадрлық ауыс-түйіс жасады. Атап айтқанда, қаланы 3 жылдан аса басқарған Нұржан Календеровтың орынына Шу ауданында әкім болған Рүстем Дәулет келді.
ШЫНБОЛАТ БИДІЛДӘҰЛЫ.