Аудандарға бару үшін қанша қаражат қажет?
Жамбыл облысының орталығы саналатын Тараз қаласымен аймаққа қарайтын 10 ауданнан күн сайын барыс-келіс еш толастаған емес. Тәуліктің 24 сағатында қала мен аудандарды байланыстыратын күре жолдың тынғанын көрмейсің. Көлігі барлар көлігімен, ал жоқтары қоғамдық көліктермен немесе таксимен, қала берді жолай ала кететін көліктермен жүріп жатыр. Осы орайда, Тараз қаласынан аудандарға қатынайтын таксилер мен қоғамдық көліктердің бағаларын саралап көрген едік. Әуелі, облыс орталығына ең жақын орналасқан Жамбыл ауданының орталығы Асаға жүретін қоғамдық көліктердің бағасын назарға алсақ. Асаға бару үшін таксиге 200 теңгеңіз кетеді. Ал әр жарты сағат жүретін қоғамдық көлікке 100 теңге кетеді. Ол қоғамдық көліктер орталық базардан бастап жүріп, Сүлейменов көшесіндегі «Сельпо» атанып кеткен аялдамадан жүреді. Дегенмен Асаға асығушылар көбіне таксимен немесе жолай кетіп бара жатқан көліктерге қол созады. Сондай-ақ Байзақ ауданына авто бекеттен таксисттер адам басына 150 теңгеден қажетті жеріңізге жеткізіп тастайды. Және қоғамдық көлікпен де баруға болады. Оның бағасы 100 теңге. Ол аудан орталығынан орталық базарға тікелей қатынайды. Ал Қаратау қаласына «Сельпо» аялдамасынан жүретін таксилер адам басына 1000 теңгеден алса, орталық базардан шығатын қоғамдық көліктердің бағасы 600 теңге екен. Аталған ауданнан сәл арырақ жатқан Жаңатас қаласына сол Сельподан жүретін жеке көлік жүргізушілері 2000 теңге алатын болса, «Ауыл-Берекеден» қатынайтын автобустар 800 теңге алады екен. Өз кезегінде Бауыржан Момышұлы ауылына қоғамдық көліктер «Жансая» мөлтек ауданынан жүреді және олардың бағасы 400 теңге. Ал таксиге отыру үшін 500 теңге қажет. Батыс Еуропа-Батыс Қытай авто дәлізінің бойында жатқан Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылына автобекеттен қоғамдық көліктер мен таксилер күн сайын қатынауда. Ол жаққа бару үшін қоғамдық көлік 500 бен 700 теңге алса, таксилер 1000-1500 теңге алады. Ал Меркі ауданы, Меркі ауылына қоғамдық көліктер 800 теңгеге жүрсе, таксилер 1500-2000 теңгеге жүреді. Шу ауданы, Шу қаласына келер болсақ, сол автобекеттен қоғамдық көліктер 1200 теңгеге жеткізіп тастаса, таксисттер 2500-3000 теңгеге діттеген жеріңізге алып барып тастайды. Ал аймақтың ең ірі ауданы саналатын Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылына облыс орталығынан бару бас ауыртатын мәселе екен. Өйткені, ол жаққа қарай Тараз қаласынан тікелей не қоғамдық көлік те, такси де еш қатынамайды. Ондағы жұртшылық Шу арқылы келіп-кетуге мәжбүр. Онда да екі аудан ортасына тек таксилер жүреді екен. Сонымен қатар Қордай ауданы, Қордай ауылына да ешқандай қоғамдық көліктер жүрмейді. Қордайлықтар автобекет маңынан жүретін тек жолай көліктерге ғана иек артады. Немесе Алматыға қатынайтын үлкен автобустарға отырады. Былай айтқанда, Қордайға бару оңай екен. Ал ол жақтан кері қайту бас ауыртар мәселенің қатарынан. Себебі, ондағы тұрғындар «Бугор» деп аталатын бұрылысқа келіп, жолай машиналарға қарайлайтын көрінеді. Бірақ, оның өзіне де міну айтарлықтай мәселе. Облыстың аудандарына бару үшін қаншама қаражат кетсе де Жаратқан жорытқан жолымызды болдырсын! Бастысы осы.
TURANINFO.KZ