«Заман және Біз» тележобасы жаңашылдыққа бастайды
Жастар — кез келген қоғамның болашағы мен қозғаушы күші. Бұл оймен дауласудың өзі артық. Себебі, мемлекеттің тұрақты дамуының негізі — бәсекеге қабілетті жас буынның қалыптасуына тікелей байланысты. Ал осындай белсенді жастардың тыныс-тіршілігін насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдарының орны бөлек.
Осыған орай мемлекеттік жастар саясатын телевизиялық жоба арқылы насихаттау мақсатында Жамбыл облысы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының әлеуметтік жобасы шеңберінде, «Жастардың жарқын болашағы» жастар қоғамдық бірлестігі үлкен бастама көтеріп, облыстық «Jambyl» телеарнасынан «Ел ертеңі» атты жастар бағдарламасын жүзеге асыруда. Эфирде 2013 жылдан бері 4 жыл қатарынан ұсынылған бағдарлама биылғы жылы «Заман және Біз» деген жаңа атаумен жалғасын тапты. Бұл бағдарлама осы жылдар ішінде қоғамдық қызығушылық тудырып, облыс өңіріндегі өзекті дүниелерді ортаға салып, бірқатар мәселелердің оң шешімін табуға өз септігін тигізуде.
Жастар мәселесін қоғамның талқысына салумен қатар, Елбасының ел ертеңі жолында жолдаған Жолдаулары мен тапсырмаларын халыққа кеңінен ақпараттандыруда айтарлықтай үлес қосып келеді. Бағдарлама ағымдағы жылғы алғашқы түсірілімін «Рухани жаңғыру – ұлттың жаңғыруы» тақырыбымен бастап, жастардың кез-келген жаңашылдыққа айтар өз ойы мен үндеуі бар екендігін көрсетті. Сонымен қатар жастар арасындағы ғаламторға тәуелділік, жұмыссыздық, бос уақыттарын тиімді өткізу сынды мәселелер де назардан тыс қалған емес. Тақырыптарды тарқатып айтуда бағдарламаға облыстағы өнер, мәдениет, еңбек қайраткерлері, білім үздіктері, тарих ғалымдары қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісіп келеді.
Жалпы алғанда, аймақтағы жалғыз «Заман және Біз» жастар бағдарламасы — өңірдегі өзектілігі жоғары жоба. Сондықтан, алдағы уақытта да бағдарламаның жан-жақты ізденіспен жұмыс жасап, облыстағы жастар саясатын дамытуда өзіндік үлесін қосатынына сенім мол.
Бұл бағдарлама жастарға ашылуға мүмкіндік береді, бұл жаңа таныстық кезеңі, бұл шешендік шеберлікті таныту және ең бастысы жастарға белсенділігін арттыруды көрсетеді.
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасына осындай мүмкіндік тудырып, сондай-ақ жыл сайын осы жобаның үлгісін өзгертіп, көрермендерді тартуда жасаған үлкен қолдауларына табыс тілейміз.
TURANINFO.KZ