Жамбыл облысы полицейлері өз тарихын аса құрметтейді…
Жамбыл облысы ІІД Музейінде 2017 жылдың 2 қазанынан жалпы білім беретін мектептер мен арнайы балалар мекемелерінің оқушылары үшін экскурсиялар өткізіледі.
Ұлт Көшбасшысы Н. Назарбаев: «Еліміздің мәдени өмірінде музей ерекше орын алады. Тарихы бай оқиғаларды терең зерделеу және оның тәжірибесінен қажетті сабақ алу — қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, Отанымыздың лайықты азаматтарын тәрбиелеу оның басты шарттарының бірі болып табылады» деген еді. Осы қанатты сөздерді бастамаға алып, Жамбыл облысының Ішкі істер департаментінде 10 жыл қатарынан ҚР ІІМ-нің «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары мен бөліністеріндегі мұражай туралы ереже» 2000 жылғы 26 сәуірдегі № 234 бұйрығына сәйкес, ІІД-нің арнайы Музей жұмыс жасайды.
ІІД Музейінің тарихы 2008 жылдың 1 қазаны — Қарттар күніндегі салтанатты ашылу рәсімінен бастау алады. Және жыл сайын толықтырылатын құнды дүниелерімен бағаланып келеді. Соның бір айғағы ретінде 2012 жылы Тараз қаласы мемлекеттік мекемелерінің және ұйымдарының музейлерінің байқау нәтижелері бойынша ІІД-нің музейі жүлделі бірінші орынды иеленді.
Ал 2017 жылдың 23 маусымы — Қазақстан полициясы күні, Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының 25 жылдық мерейтойына орай Жамбыл облысы ІІД бастығы полиция генерал-майоры Т.С.Маткеновтің бастамасымен қайта жаңартылған музейдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Аймақтың бас полицейі құрметті қонақтар Жамбыл және Ақтөбе облыстарының әкімдері К.Н.Көкрекбаев және Б.М.Сапарбаевтың қатысуымен алғашқы экскурсия өткізді.
330 шаршы метр алаңда орналасқан музей ғимаратында, экспозициялық және кинозалында Жамбыл облысы полициясының тарихи қалыптасуы мен кәсіби қызметінен сыр шертетін 1000-нан астам әртүрлі экспонаттар қойылған. Олардың ішінде мұрағаттық құжаттар, сурет және бейнематериалдар, материалдық және рухани мәдени бұйымдары – кітаптар, сувенирлер, өнер туындылары, қару-жарақ, раритеттік автотехника және тағы басқалар бар.
Музей кинозалында Қазақстан Республикасы және Жамбыл облысы полицейінің жұмысы мен тыныс-тіршілігі туралы бейнероликтер мен слайдтар көрсету үшін проекциялық экран және проектор орнатылған. Сондай-ақ, ЖОО және колледж студенттері, мектеп оқушылары үшін профилактикалық бағыттағы бейнероликтер көрсетіледі.
«Халық Қаһарманы» полиция капитаны Ғазиз Байтасов», «Мемлекеттік рәміздер және ҚР Конституциясы», «Жамбыл облысы ІІО генералдары», «Кеңес Одағының батырлары – Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен кеңестік милицияның ардагерлері Александр Федорович Петров және Бауыржан Момышұлы», «Қазақ хандығының негізін қалаушылар — Керей мен Жәнібек хандар» , «Қазақ хандығының батырлары» және т. б экспозициялар келушілердің назарынан ерекше орын алады.
Музейге ішкі істер органдарының ардагерлері мен қызметкерлері, олардың отбасы мүшелері, Тараз қаласында орналасқан ішкі әскер әскери бөлімінің әскери қызметшілері, ІІО қызметке үміткерлері, ЖОО мен колледж студенттері үнемі барады.
Музейде ағымдағы жылдың 2-ші қазанынан бастап, ҚР ішкі істер органдары қызметкерлерінің жағымды имиджін, өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін және полицейлердің жұмысына оң көзқарасын арттыру мақсатында күн сайын кестеге сәйкес Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімі жалпы білім беретін мектептер мен арнайы балалар мекемелерінің оқушылар үшін экскурсиялар өткізіледі.
Ашылған күннен бүгінгі күнге дейін музейге 1600-ден астам адам келген, оның ішінде жартысынан көбі – мектеп оқушылары. Пікір кітабына ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары полиция генерал-лейтенанты М.Г.Демеуов, ҚР ІІМ Көші-қон қызмет комитеті төрағасының орынбасары Г.О.Сәрсенова, Қазақстанның Индонезиядағы құрметті консулы С.Қарымсақов, Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Б.С.Орынбеков, Жамбыл облысының прокуроры И.А.Иманов, ҚР ІІМ құрметті ардагерлері милиция полковнигі К.Ж.Арыстанов пен полиция полковнигі Н.Т.Дүйсебаев, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, журналист Қажы Қорғанұлы және т. б. құрметті қонақтар алғысқа толы сөздерін жазып қалдырды.
Жамбыл облысы ІІД Музейін насихаттау және жаңа экспонаттармен толықтыру жұмыстары жалғасуда.
Гульчехра Зияутдинова
Жамбыл облысы ІІД Музейінің директоры