Белгілі өнер қайраткері 60 жаста
Талас ауданында Қазақстан Республикасының мəдениет қайраткері Пернебек Оспановтың 60 жасқа толған мерейтойы дүркіреп өтті.
Бүгінде Талас ауданы мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің басшысы лауазымын атқарып отырған Пернебек мырза өз заманында күллі қазаққа аты аян алғашқы трио «Алатау» тобында əн шырқаған. Өз еңбек жолында білім, журналистика салаларында табысты қызмет еткен Пернебек Оспанұлын шығармашылық кешінде халқы зор қошеметке бөледі. Мəдени шараны Пернебек ағамыздың өзі паспортына айналған «Балқадиша» əнін құйқылжыта орындап ашып берді.
Облыс əкімі Кəрім Көкірекбаевтың жəне Жамбыл облысы əкімдігі мəдениет, архивтер жəне құжаттама басқармасы басшысы Дүйсенəлі Бықыбаевтың құттықтау хаты мен қазақы жоралғыға сəйкес шапаны мен сый-сияпатын басқарма басшысының орынбасары Сара Қабылбекқызы мен Жамбыл облыстық қазақ драма театрының басшысы Болат Бекжанов арнайы құттықтап табыстады.
Шара барысында Пернебек ағамыз бұрынғы «Алатау» триосының құрамымен əн салып, жұртшылық өткен шаққа сапар шегіп қайтты. Мерейтойда Пернебек Оспанұлының өнердегі əріптестері, жолдастары, алыс жақын аудан басшыларының өкілдері той иесін арнайы құттықтады. Айта кетерлік жəйт, осы орайы келген шақта Пернебек Оспанұлына «Талас ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Тараздан арнайы ат терлетіп келген Ринат пен Перизат дуэті, белгілі əнші Оңал Азаматова əн шырқады. Талас аудандық Ұлбике ақын мəдениет үйінің əншілері мен би ұжымы да өз өнерлерін ортаға салып, ел қошеметіне бөленді.
Арайлы Жақсылық