Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының Ұланбел ауылында екі адам өлімі орын алды
2017 жылғы 21 қыркүйек күні сағат 19.10 шамасында Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының ішкі істер бөліміне Ұланбел аулының учаскелік полиция инспекторы полиция аға лейтенанты Қанат Жұматтан осы ауылдың 40 жастағы тұрғыны алкогольді ішімдік ішкен күйде 12-ші калибрлі аңшы мылтығымен 49 және 44 жастағы көршілерін басынан атып өлтіргені туралы хабарлама түскен. Сондай-ақ, соңғының 16 жастағы інісі аяғынан жарақат алған. Ол Мойынқұм аудандық Орталық ауруханасына жатқызылды.
Хабарлама бойынша оқиға орнына Мойынқұм АІІБ бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі М.Жаманқұловтың жетекшілігімен бес адамнан құралған жедел топ барды. Қылмыс орны мен маңайды қарау барысында күдікті Әбуқадыров көшесіндегі үйдің жанынан табылған.
Полицияның көлігін көрген ол автокөлікке оқ атқан. Оған мылтығын қайта оқтап, кезекті рет атуға мүмкіндік бермеген рульде отырған полиция подполковнигі Мақсат Жаманқұлов өз өмірін қатерге тігіп, көлікті қылмыскерге қарай бағыттаған. Алған соққыдан күдікті қаруды түсіріп алып, қашып кетуге тырысқан, алайда автокөліктегі полицеймен жедел ұсталған.
Қаруы тәркіленді. Екі адам өлімін жасады деген күдікті, 40 жастағы Ұланбел аулының Ж. есімді тұрғыны өз кінәсін толық мойындады.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, ауыр қылмысты жасауының себептері анықталуда.
Күдікті Шу аудандық Уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
Жамбыл облысы ІІД Баспасөз қызметі