Балалар мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың, буллинг пен зорлық-зомбылықтың, сондай-ақ лудоманияның алдын алу, отбасылық тәрбие мен ата-ана жауапкершілігін арттыру мақсатында Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық академиялық қазақ драма театрында «Кемел ұрпақ» 125 High School мектебінің оқушыларына Азамат Тұраровтың «Аман. Сенімдер сөнгенде» психологиялық драмасы ұсынылды.
Қойылымның негізгі өзегі – жасөспірімдер арасындағы өзекті әлеуметтік мәселелерді көтеру, адамгершілік құндылықтарды дәріптеу, отбасындағы тәрбие мен өзара сенімнің маңызын ұғындыру. Сонымен қатар, шығарма көрерменді әрбір іс-әрекеттің салдары туралы ойлануға, өмірлік таңдауларға жауапкершілікпен қарауға жетелейді.
Спектакль барысында жасөспірімдерге қоғамдағы келеңсіз құбылыстардың алдын алу, дұрыс шешім қабылдау, жақындарына қолдау көрсету және өз болашағына бейжай қарамау мәселелері көркемдік тұрғыда жеткізілді.
Театр сахнасы – тек өнер ордасы ғана емес, сонымен қатар өскелең ұрпақтың рухани дүниесін байытып, тәрбиелік мәні зор тақырыптарды қозғайтын маңызды алаң. Осындай тағылымды қойылымдар жас көрерменнің ой-өрісін кеңейтіп, қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
Қойылым режиссері: А.Абдраманова.
Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды







