Сарысу сарыны Тараз төрінде
Тараздағы тарихи «Төрткүл керуен-сарайында Сарысу ауданы өнерпаздарының тамаша концерті өтті. Жамбыл облысы əкімдігінің мəдениет, архивтер жəне құжаттама басқармасының облыстық халық шығармашылық орталығы мен Сарысу аудандық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің ұйытқысымен өткізілген думанды кешке жиналған көпшілік сарысулықтардың өнеріне тəнті болды.
Ашық аспан астындағы концерттің шымылдығын «Өрлеу» фальклорлық ансамблі күй атасы Құрманғазының «Балбырауын» шығармасымен ашты. Бұдан өзге думанды кешке «Айжанқыз» халықтық би ұжымы, Жадыра Даукенова, Назерке Сақтаған, Роза Өтембаева, Ғалымжан Өтембаев сынды өнерпаздар қатысты. Əсіресе Төлешов, Нұрбол Өмірбек, Тұрар Сатыбалдиевтердің күй тартысы халықтың деребесін қоздырып, зор қошеметіне ие болды.
Мұнан өзге, сарысулықтар Тараз жұртшылығы үшін арнайы «Ел іші – өнер кеніші» атты бейнелеу жəне қолөнер шеберлерінің көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге қылқалам шеберлерінің түрлі жанрдағы туындылары, қолөнершілердің көз майын тауысып жасаған əдемі дүниелері қойылған.
Жалпы бұл мерекелік кеш «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясындағы шаралардың бірі болып табылады. Айта кету керек, осы жылдың қыркүйек айының басына дейін əр апта сайын тараздықтар тарихи «Төрткүл» керуен сарайында облысымыздың өзге де аудандарының концертін тамашалай алады.
Арайлы Жақсылық