Т. Рысқұлов аудандық мәслихатының №10 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша «Әділет» партиясынан ұсынылған кандидат Қанатбек Арыстанбеков сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Кандидат Қарақыстақ және Абай ауылдық округтерінің инфрақұрылымын жақсартуды, тұрғындардың әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін арттыруды және олардың ұсыныстарын аудан деңгейінде көтеруді көздейді.
Өмірбаяны
Қанатбек Дәкенұлы Арыстанбеков 1969 жылғы 27 маусымда Абай ауылында дүниеге келген. Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1994 жылы Абай орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастаған.
1996–2004 жылдары бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы болды. 2003–2005 жылдары Абай атындағы орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берді. 2005–2012 жылдары осы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
2012–2022 жылдары «Нұр Отан» партиясының Т. Рысқұлов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, 2022–2026 жылдары «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы болды. 2026 жылдан бастап «Әділет» партиясының Т. Рысқұлов аудандық филиалын басқарады. Т. Рысқұлов аудандық мәслихатының VII шақырылымында депутат болды.
Бағдарламаның негізгі бағыттары
Қанатбек Арыстанбеков ауыл жолдарының сапасын жақсарту, тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету, медициналық қызмет пен білімнің қолжетімділігін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашуға жәрдемдесу және жастардың дамуына жағдай жасау мәселелерін көтеруді жоспарлап отыр.
Кандидат тұрғындардың ұсыныстары ауданның даму жоспарлары мен бюджетін қалыптастыру кезінде ескерілуіне ықпал етуді көздейді. Ол көтерілген мәселелер бойынша нақты міндеттер мен орындалу мерзімдерін белгілеуді, қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауды және атқарылған жұмыс туралы тұрғындарға тұрақты түрде ашық есеп беруді ұсынады.
Үндеуінде Қанатбек Арыстанбеков Қарақыстақ пен Абай ауылдық округтері тұрғындарының мүддесін аудандық мәслихатта қорғауға ниетті екенін айтып, сайлаушыларды 29 қарашада өзіне дауыс беруге шақырды.





