ҚҰРМЕТТІ САЙЛАУШЫЛАР!
Мен, Садыков Нұрдин Есенгелдіұлы, Жаңатұрмыс ауылында туып-өстім. Жоғары білімім бар, мамандықтарым – «экономика», «құқықтану», «бухгалтерлік есеп және аудит».
Еңбек жолымды 1998 жылы «Назар» ЖШС директорының шаруашылық жұмысы жөніндегі орынбасары болып бастадым,
15.03.1999-13.02.2004 жылдары «СК 25К» ЖШС директоры.
05.05.2005-18.03.2021 жылдары «Садықов» ЖК басшысы болдым.
19.03.2021 жылдан 12.10.2026 жылға дейін Қордай аудандық мәслихатының хатшысы, төрағасы болдым. Қордай ауданының VІ, VІI және VIIІ шақырылымдарының аудандық мәслихатының депутаты болып сайландым.
Қордай аудандық мәслихатының хатшысы, төрағасы бола отырып, алдыма нақты міндеттер қойып, оларды орындадым.
Кәсіби қызметім барысында инфрақұрылымды күтіп ұстау және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау мәселелерімен айналыстым. Осы тәжірибе нақты шешімдер қабылдау мен ашық есеп берудің маңызын ұғындырды.
Ауданның дамуы халықты күнделікті толғандыратын мәселелерді шешуден басталады. Олар – жолдардың жағдайы, ауызсудың сапасы, медицина мен білімнің қолжетімділігі, жұмыс орындары және балаларымыздың болашағы.
Әрбір елді мекенге тиісті көңіл бөлініп, тұрғылықты жеріне қарамастан барлық тұрғынға лайықты өмір сүру жағдайы жасалуға тиіс деп сенемін. Мен үшін әділдік пен халық алдындағы жауапкершіліктің мәні осында.
Бағдарламам «Әділет» партиясының құндылықтары мен бағдарламалық басымдықтарына негізделген. Басты назарда қордаланған мәселелерді шешумен қатар, ауыл кәсіпкерлігін дамыту, еңбек адамын қолдау, жастарға мүмкіндік жасау және туған жерді сақтау міндеттері тұр.
Міндеттемелерімнің негізінде нақты міндеттер, нысандар мен мерзімдер жатыр. Олардың даму жоспарлары мен аудандық бюджетте ескерілуіне қол жеткізіп, қабылданған шешімдердің орындалуын бақылап, тұрғындар алдында ашық есеп беремін.
Мен үшін депутаттық жұмыстың басты нәтижесі – халықтың өміріндегі нақты өзгерістер.
Құрметпен, Нұрдин Садыков
2026–2031 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН НАҚТЫ МІНДЕТТЕМЕЛЕР
- ЖОЛДАР МЕН КӨЛІК
2028 жылы Жамбыл ауылындағы Жетісу көшесін, Жаңатұрмыс ауылындағы Қабылбек көшесін жөндеуге қол жеткізу. Елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жақсартуға, қоғамдық көліктің тұрақты жүруін қамтамасыз етуге және жолдарды сапалы күтіп ұстауға жәрдемдесу.
2. СУМЕН ЖӘНЕ ЭЛЕКТРМЕН ЖАБДЫҚТАУ, КОММУНАЛДЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
2031 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Жаңатұрмыс ауылында су құбырларының құрылысы мәселелерін шешуге, тозған инженерлік желілерді жөндеуге қол жеткізу. Ауылдық елді мекендерді электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етуге және көшелерді жарықтандыру аясын кеңейтуге ерекше көңіл бөлу.
3. ҚОЛЖЕТІМДІ НЕСИЕ ЖӘНЕ АУЫЛ КӘСІПКЕРЛІГІН ДАМЫТУ
Жамбыл ауылдық округінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие беру аясын кеңейтуге, жеке қосалқы шаруашылықтарды, отбасылық кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуға жәрдемдесу.
4. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚОЛДАУ
Жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету, ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту және ауыл шаруашылығы қызметтерінің қолжетімділігін арттыру мәселелерінде ауыл тұрғындарының мүддесін қорғау. Жергілікті фермерлер мен жеке қосалқы шаруашылықтардың өнімдерін сатуға арналған, тиісті түрде жабдықталған алаң құруға қол жеткізу. 2031 жылға дейін суды үнемдейтін технологияларды (тамшылатып суару және жаңбырлату) қолдануға жәрдемдесу.
5. ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘНЕ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ТАБЫСЫ
Шағын бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және инвестиция тарту арқылы тұрақты жұмыс орындарын ашуды қолдау. Халықты жұмыспен қамтуға, кәсіптік оқытуға және жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған мемлекеттік шараларды іске асыруға жәрдемдесу. 2031 жылға дейін «Жасыл ел» еңбек жасақтарын ұйымдастыру арқылы жұмысқа орналастыруға ықпал ету.
6. ҚОЛЖЕТІМДІ ӘРІ САПАЛЫ МЕДИЦИНА
«Дипломмен ауылға» жобасы аясында мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану арқылы медицина кадрларын тартуды қолдау.
7. ЗАМАНАУИ МЕКТЕПТЕР ЖӘНЕ БАЛАЛАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ
Жамбыл Жабаев атындағы №26 орта мектебіне STEM кабинетін сатып алуға бюджеттен қаржы бөлуге ықпал ету. Жамбыл ауылында спорт кешенінің құрылысын салуға жәрдемдесу.
8. ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛАРДЫ ҚОЛДАУ
Қарт адамдар, көп балалы отбасылар және мүгедектігі бар адамдар үшін мемлекеттік әлеуметтік қызметтердің қолжетімді болуын қамтамасыз етуге күш салу. Әлеуметтік осал азаматтардың тұрмыс жағдайын жақсартуға жәрдемдесу.
9. САПАЛЫ БАЙЛАНЫС ПЕН ИНТЕРНЕТ
Ұялы байланыс пен интернет сапасын жақсартуға, ауылдық мекемелерді цифрландыруды және электрондық мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруды қолдау.
10. ТАЗА ӘРІ АБАТТАНДЫРЫЛҒАН АУЫЛДАР
«Таза Қазақстан» бастамасы аясында жасыл желектер отырғызу, Жамбыл ауылындағы саябақты қоршау және абаттандыруға, қалдықтарды жинау мен шығару жүйесін жақсартуға, елді мекендерді көгалдандыруға және жайлы қоғамдық кеңістіктер құруға қол жеткізу. Полигонның экологиялық талаптар мен санитариялық нормаларға 100% сәйкестігін қамтамасыз ету.
Сіздердің пікірлеріңіз – менің бағдарыма негіз!
Сенімдеріңізді адал еңбекпен ақтаймын!
Әр шешімім – туған жердің игілігі үшін
Дайындаған: «ID Corp» ЖШС.
Тапсырыс беруші: Н.Садыков.
№18 бірмандаттық аудандық сайлау округі бойынша Қордай аудандық мәслихатының депутаттығына кандидаттың сайлауалды үгіт материалы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді.





