– Самал Оңғарбайқызы, Сіз бұған дейін облыстық мәслихаттың депутаты болдыңыз, қазір мектеп директорысыз және бұл жолы аудандық мәслихатқа кандидат ретінде шығып отырсыз. Облыстық деңгейдегі саяси тәжірибеңіз бен «1000 көшбасшы» жобасының түлегі ретіндегі көзқарасыңыз Өрнек, Тоғызтарау және Ерназар ауылдарының түйткілді мәселелерін шешуге нақты қандай жаңа сапалық өзгерістер әкеледі?
– Қазіргі таңда тәжірибе дегеніміз – тек атқарған жұмысты айтып мақтану емес. Шын мәніндегі тәжірибе – бүгінгі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған білім мен дағдыны тиімді пайдалана білу.
Облыстық мәслихаттағы жұмысым маған белгілі бір деңгейде маңызды мәселелерді дұрыс көтеруді, бюджеттің қалай қалыптасатынын және қандай жобалардың қай деңгейде шешілетінін терең түсінуге мүмкіндік берді. Ал «1000 көшбасшы» жобасына скелетін болсақ, бұл жұмыс менің басқарушылық қабілетімді шыңдап, жүйелі ойлауға және кез келген ситуациялық кейстерді жедел шешуге үйретті.
Сондай-ақ, мектеп директоры ретінде Тоғызтарау ауылындағы негізгі өзекті мәселелерді өте жақсы білемін. Тұрғындардың қандай түйткілдерді көтеріп жүргені де маған таныс. Ата-аналардың, мұғалімдердің және жастардың алдағы бесжылдықтан не күтетінін де айқын байқап отырмын.
Сондықтан, Алла қалап депутат болып жатсам, негізгі көтеретін басты мәселелерім ауыл халқының нақты сұраныстары мен қажеттіліктерінен құралатын болады. Атап айтқанда, Тоғызтарау елді мекеніне ерекше назар аудартып, айтылған мәселелерді тек қағаз жүзінде қалдырмай, тиісті бюджеттің бөлінуіне ықпал ету және олардың сапалы орындалуын толық бақылауда ұстау – басты мақсатым. Бұйыртса, негізгі жұмысымды осы бағытта өрбітемін.
– Бағдарламаңыздың маңызды міндеттерінің бірі – Тоғызтарау және Жаңа Өткел ауылдарын толық газдандыруға ықпал ету. Қазіргі таңда шалғай елді мекендерді көгілдір отынмен қамту мәселесі жылдар бойы созылып келе жатыр. Осы екі ауылдың тұрғындары үйлерін газға қосу мүмкіндігін нақты қай жылы толық көлемде көре алады?
– Жалпы, аудан бойынша газдандыру мәселесі 100%-ға жуық шешімін тапқан. Газ 2025 жылдың қараша айында берілген болатын, бірақ бұл жерде әлі де проблемалық сұрақтар қалып отыр. Кейбір үйлердің құжаттарының дұрыс болмауына байланысты жеке тұрғын үйлерге газ кіргізе алмай жатқан жағдайлар бар.
Егер сайланып жатсам, алдағы уақытта бұл мәселені назарда ұстап, құжаттардың тиісті мерзімде дұрыс рәсімделуіне және тұрғындардың 100% газбен толық қамтылуына ықпал етуге тырысамын. Өйткені, ауылға келіп тұрған газды әрбір тұрғын өзінің үйіне тартып ала алмаса, бұл жұмыс толыққанды нәтиже берді деп айта алмаймыз. Сондықтан бұның барлығы – заң аясында кезең-кезеңімен шешілетін мәселелер деп білемін.
– Төртінші бағытта жаз мезгіліндегі суармалы су тапшылығын азайту үшін шаруаларға тамшылатып суару технологиясын үйрету міндеті қойылған. Өрнек пен Ерназар аймағындағы диқандар судың жоқтығынан жыл сайын қиналып жатады. Қарапайым шаруалар мен егіншілерге бұл қымбат технологияны меңгеру үшін теориялық кеңестен бөлек, қандай практикалық немесе қаржылай қолдау көрсетілмек?
– Шын мәнінде, су тапшылығы – қазіргі таңда Өрнек пен Тоғызтарау ауылдарындағы шаруалар үшін ең өзекті проблемалардың бірі. Агитация кезінде тұрғындармен кездесу барысында да халық егіншілікке қажетті судың тапшылығы туралы бұл мәселені көтерген болатын. Жыл сайын егіннің шығымы мен шаруаның табысы суға тікелей тәуелді болып отырғаны жасырын емес.
Тамшылатып суару технологиясының тиімді екенін бәріміз де білеміз, бірақ оның қарапайым шаруа үшін қымбатқа түсетінін де түсінуіміз керек, бұған да ерекше мән берген жөн. Сондықтан тамшылатып суару мәселесін тек теориялық семинарлар өткізумен шеше алмаймыз.
Менің ұсынысым: ең алдымен осы технологияны қолдануға қызығушылық танытып отырған шаруаларды анықтап, мамандардың қатысуымен тәжірибелік оқыту жұмыстарын ұйымдастыру қажет. Мүмкіндік болса, шағын демонстрациялық алқап ашып, технологияның нақты тиімділігін іс жүзінде көрсеткен дұрыс деп ойлаймын. Осы арқылы ең бастысы – шаруаның қалтасына салмақ түсірмей, суды үнемдеудің тиімді жолын бірге табуымыз керек.
Өйткені суды үнемдеу – қазіргі таңдағы ең басты мәселелердің бірі. Бұл – тек бүгінгі күннің ғана емес, болашақ ұрпақтың да тағдырына қатысты маңызды түйткіл екеніне назар аударуымыз қажет.
– «Бағдарламаңызда Тоғызтарау ауылында заманауи орталық алаң және ангар үлгісіндегі спорт кешенін салуға ықпал ету көзделген. Ауыл жастары мен тұрғындары үшін бұл өте қажетті бастама. Дегенмен, ауылдық жерлерде осындай ірі нысандардың құрылысы кейде ұзаққа созылып немесе сапасыз салынып жатады. Бұл жобалардың бюджеттен қаржыландырылуына және сапалы салынуына кепілдік қандай?
– Бұл жобаларды бағдарламаға енгізуімнің бірден-бір себебі – ауылдың әлеуметтік өмірін жандандыру қажеттілігі. Бұл мәселе әсіресе Тоғызтарау ауылына тікелей қатысты, өйткені Тоғызтарау – аудан орталығынан ең шалғайда орналасқан елді мекен. Мұнда балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізетін және тұрғындар бас қосатын заманауи орындар жоқтың қасы деуге болады. Бірақ бір нәрсені ашып айту керек: депутаттың міндеті – нысан салынады немесе қаржы міндетті түрде бөлінеді деп құр уәде, кепілдік беру емес. Оған мен де, ешкім де нақты кепілдік бере алмайды. Дегенмен, осы жобаларды сайлауалды бағдарламама қосудағы негізгі мақсатым – олардың ауылға аса қажет екенін дәлелдеп, тиісті деңгейде қолдау табуына барынша ықпал ету. Осы төртінші сұраққа қоса кететін тағы бір нәрсе – өзім білім саласында басшылық қызмет атқарғаннан кейін, құрылыстағы сапасыз жұмыстың кейін қаншама мәселе тудыратынын жақсы түсінемін. Сондықтан да кез келген құрылыстың сапалы жүргізілуіне «Әділет» партиясы тарапынан партиялық бақылау орнатылады. Сонымен қатар ауыл ақсақалдары мен ауылдың қоғамдық кеңесі мүшелерінен арнайы комиссия құрылып, жұмыс барысы солардың да қатаң қадағалауында болады. Бұл жерде мәселе тек бір депутаттың уәде беріп, оны орындауымен ғана шектелмейді, құрылыс сапасына жауапкершілік те ортақ болады. Сондықтан егер жобаның тиімділігі дәлелденіп, бюджеттен қаржы бөлініп, менің сайлауалды бағдарламамда көрсетілген орталық алаң мен ангарлы спорт кешені салынатын болса, нысанның сапалы тапсырылуы тек менің ғана емес, бүкіл ауыл тұрғындары мен партияның бақылауында болады деп сенімді түрде айта аламын.
– Көп рақмет!
Дайындаған: «ID Corp» ЖШС.
Тапсырыс беруші: С.О. Байкеева.
№13 бірмандаттық аудандық сайлау округі бойынша Жамбыл аудандық мәслихатының депутаттығына кандидаттың сайлауалды үгіт материалы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді.







