Жамбыл облысы ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының 1961 жылы туылған тұрғыны ұлымен бірге осы ауданның құмды аумағында ірі көлемдегі сексеуілді заңсыз кесумен және Алматы қаласы аумағында заңсыз сатумен айналысқандығы туралы хабарлама түскен.
Аталған дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, ҚР ҚК-нің 340-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
2017 жылдың 31 шілдесінде Жамбыл облысы ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес және Тергеу басқармасы мен Жедел-криминалистикалық басқармасы қызметкерлерінің Алматы және Жамбыл облысы мен Алматы қаласына жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде қылмыстық іске қатысты тұлғалар тобы құрықталды. Бір уақытта 11 жерде жүргізілген тінту шаралары барысында күдіктілердің тұрғын жайынан 40 тоннадан астам сексеуіл, ағаш кесетін құралдар, таразы, сондай-ақ сатуға дайындалған сексеуіл салынған қораптар тәркіленді.
Сонымен қатар, тінту кезінде бірнеше күдіктінің тұрғынжайынан заңдастырылмаған тегіс оқпанды қару, Калашников автоматының оқтары табылды.
Қазіргі уақытта ІІД Тергеу басқармасымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Жамбыл облысы Ішкі істер департаменті баспасөз қызметі