Ағымдағы жылдың 26-30 шілдесі аралығында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астана қаласында ежелден алуан түрлi мәдениеттер тоғысып, таңдайы жырға, маңдайы нұрға бөленген шайырлар мекені, мыңжылдықтар мұрасының көне жұрты — Жамбыл облысының күндері өтеді.
Өткізілетін мәдени іс-шараларға барлығы 500-ге жуық адам қатысады (оның ішінде: басқармаға қарасты мекемелерден — 297, аудандардан – 200-ге жуық адам).
Халықаралық «ЕХРО-2017» көрмесіне әлемнің әр түкпірінен келетін қонақтарға «Ұлы Жібек жолы» бойындағы сауда, мәдениет, өркениеттің рухани орталығы болған Ежелгі Тараздың тарихымен таныстыру мақсатында 2017 жылғы 20 мамырда «Көне Тараздан» салтанатты түрде жөнелтілген «Ұлы Жібек жолы. Көне Тараздан асқақ Астанаға тарту» керуені 26 шілдеде Астана қаласына ат басын тірейді.
Керуенді қарсы алу шаралары «Ханшатыр» ойын сауық орталығының «Ғашықтар саябағында» өтеді.
Астана қаласында керуенді қарсы алу барысында концерттік бағдарлама, ұлттық салт-дәстүр көріністерінен қойылымдар ұйымдастырылады (облыс өнерпаздары, облыс Қазақстан халқы Ассамблеясы, ТарМУ, ТИГУ өнер ұжымдары).
Осы жерде облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Тараз – тарихтың алтын діңгегі» атты көшпелі көрмесі қойылып, күні бойы тарихы ғасырлар қойнауынан бастау алатын қаламыз туралы музей қызметкерлерінің таныстырылымы да қатар жүреді. Көрмеде облыстың және 2000 жылдан аса бай, мазмұнды тарихы бар қаланың сақ кезеңінен Қазақ хандығының қалыптасу кезеңіне дейінгі тарихы қамтылған. Көрмеге 300-ден астам жәдігерлер қойылады (олардың арасында әр жылдары қазба жұмыстары барысында табылған мәдени-тұрмыстық құнды заттар, балбал тастар, жергілікті авторлардың картиналары, әртүрлі кезеңдердегі тиындар бар).
Осы күні кешкі 21.30-да ЭКСПО аумағындағы «Амфитеатрда» облыс күндерінің ашылу салтанатына орай облыстық филармонияның «Әуені әсем Әулие ата!» атты мерекелік концерті қойылады.
Келесі күндері жоспарланған іс-шаралар өз кезегімен жалғасын табады (көрмелер, театр қойылымдары, концерттер).
Атап айтқанда, 5 күн бойы бекітілген кестеге сәйкес «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы жанындағы Ғашықтар саябағында облыстық филармонияның, облыстағы жоғарғы оқу орындарының, аудандар мен Тараз қаласы өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарламалар, ұлттық салт-дәстүр көріністерінің қойылымдары көрсетіледі (26 шілде – Талас, Сарысу, ТарМу, ТИГУ, 27 шілде — Жамбыл, Байзақ, Т.Рысқұлов аудандары және ТарМПИ, 28 шілде – Меркі, Қордай, Мойынқұм және Шу аудандары).
Сонымен бірге облыстық филармонияның «Әулиеатадан ән шашу» (27 шілде), облыстық қазақ драма театрының «Қыз Жібек» саунд-трегі (28 шілде), «Алатау» фольклорлық ансамблінің «Ғасырлар әуені» атты концерті және елімізге танымал ақындар мен әншілердің бірлескен «Бір әуен, бір өлең» атты ән-жыр кеші (29 шілде) өткізіледі. Кешті ақын Маралтай Райымбек жүргізіп, елімізге танымал жергілікті ақындар мен композиторлардың әндерін облыстан шыққан өнерпаздар орындайды. Кештің құрметті қонақтары — Д.Таңатаров, Қ.Нұртас, Қ.Жүнісов, И.Расылхан.
21-30 шілде аралығында «Қазанат» қалалық ипподромы аумағындағы Этноауылда қолөнер шеберлерінің ауылы, «Шығыс базары» қолөнер сауда нүктелері жұмыс істейді.
Сондай-ақ, 28 шілдеде Этноауылда Жамбыл облысының күні өтеді.
Онда, «Көне Тараздан тағзым» хореографиялық композициясы, «Жамбылым қандай тамаша!» атты шығармашылық концерт және Жамбыл облыстық филармониясы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің «Күй керуені» атты концерттік бағдарламасы, облыс ақындарының айтысы, «Алатау сазы» атты концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылып, Жамбыл облысы өнерпаздарының «Думанды елім!» атты гала-концертіне ұласады.
Жастар театрында облыстық қазақ драма театры А.Бекбосынның «Домалақ ене» (27 шілде), С.Балғабаевтың «Ең жақсы еркек» (28 шілде) драмаларын, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында облыстық орыс драма театры Г.Фигейредонның «Дон Жуан» (28 шілде) қойылымдарын сахналайды.
30 шілдеде «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы жанындағы алаңда «Жамбылым қандай тамаша!» атты шығармашылық концерт беріліп, Жамбыл облысы күндерінің жабылуына арналған облыс өнерпаздары мен Жамбыл өңірінен шыққан белгілі эстрада жұлдыздарының қатысуымен Гала концерт ұйымдастырылады.
Жамбыл жерінің жазиралы даласы мен таулы табиғатын, қонақжай халқының риясыз болмысын дәріптейтін мерекелік шараларға келіңіздер, көріңіздер!