Іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, елімізге белгілі ақын-жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, өнер өкілдері мен ақынның оқырмандары қатысты. Кеш барысында Серік Томановтың «Құс қанат – менің ғұмырым» атты жыр жинағының тұсауы кесілді.
Кеш шымылдығы А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық академиялық қазақ драма театры әртістерінің ақын шығармалары негізінде әзірленген поэзиялық композициясымен ашылды. Аймақ басшысы Серік Томановтың қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, қара өлеңнің қадірін білген, әдебиетке адал қызмет еткен талантты ақын екенін атап өтті.
Серік Томанов – Таластан шығып, Алаштың ақынына айналды. Оның жырлары ғана емес, сөзіне жазылған әндері де ел жүрегінен орын алды. «Сезімді қайтем тулаған», «Аузынан Айдың түскен қыз», «Құс қанат – менің ғұмырым» сияқты өлеңдері әнге айналып, халықпен бірге жасап келеді. Халқымызда «Жақсының аты өлмейді» деген аталы сөз бар. Бүгін біз осы сөздің мәнін тағы бір мәрте сезініп отырмыз. Серік Томановтың есімі де, жырлары да сіздердей жанашырлары мен оқырмандары барда ешқашан ұмытылмайды, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі ақынның жары Бибігүл Оразбаеваға құрмет көрсетіп, естелік сыйлық табыстады. Сондай-ақ кеште Серік Томанов атындағы республикалық жазба ақындар мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттады. Мүшәйра нәтижесі бойынша I орынға жамбылдық ақын Табиғат Абаилдаев лайық деп танылды. II орынға алматылық Нұртас Тұрғанбек ие болды. III орын Астана қаласының ақыны Олжас Сәндібекке табыс етілді. Ал арнайы жүлдеге жамбылдық ақын Арайлы Жақсылық ие болды. 100 мың теңге көлеміндегі арнайы жүлде Серік Томановтың отбасы атынан тағайындалған.

Кеш барысында Бибігүл Оразбаева мен ақынның замандастары Серік Томановтың өмір жолы мен шығармашылығы туралы естеліктерімен бөлісіп, ақынның рухани мұрасы жайында сыр шертті.

Салтанатты шарада ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Бесбаев, Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының өнерпаздары Серік Томановтың сөзіне жазылған әндерді орындады. Әуезді әндер мен ақын жырлары көрерменге ерекше әсер сыйлап, кештің мазмұнын аша түсті.








