Жаңа құқықтық негіз қалыптастырудағы маңызды қадам – аймақтағы алғашқы мамандандырылған акт саналатын Жасанды интеллект туралы заңның қабылдануы. Құжат мемлекеттік басқару, әлеуметтік саясат, білім беру және денсаулық сақтау сияқты салаларда ЖИ пайдалану кезінде алгоритмдердің ашықтығына, тәуекелдерді басқаруға және азаматтардың құқықтарын қорғауға қойылатын негізгі талаптарды айқындайды.
Осы бағыттағы жүйелі жұмыстың жалғасы ретінде 2026 жылғы 9 қаңтарда Цифрлық кодекс қабылданды. Кодекстің қабылдануымен ел жекелеген цифрлық шешімдерден жүйелік цифрлық трансформация кезеңіне көшуде. Алғаш рет цифрлық құқықтар кешенді түрде заңнамалық деңгейде бекітілді. Азаматтарға дербес деректерді жою, анонимизациялау және оларды өңдеуді шектеу құқығына заң деңгейінде кепілдік беріледі. Биометриялық сәйкестендіруді қолдануға тек заңнамада қатаң көзделген жағдайларда ғана жол беріледі.

Жасанды интеллект саласындағы ұзақмерзімді мемлекеттік саясатты үйлестіру мақсатында 2025 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан құрылған Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Оның құрамына ғылым, білім және бизнес салаларындағы әлемге танымал көшбасшылар енген. Олар:

Жасанды интеллект саласының сарапшысы К. Ли:
Тьюринг сыйлығының иегері Дж.Хопкрофт;
Сан-Диегодағы Калифорния университетінің ректоры П.Кхосла;
MIT Media Lab зерттеу тобының директоры С.Бризель;
Машиналық оқыту тәсілдерінің сәулетшісі П.Норвиг;
Халықаралық ұйымдардың өкілі Э.әл-Мазруи;
Халықаралық ұйымдардың өкілі О.әл-Олама.
Кеңестің екінші отырысы Мемлекет басшысының төрағалығымен GITEX AI Kazakhstan 2026 технологиялық форумы аясында өтті.






