Жамбыл облысының Полиция департаментінің мәліметінше, өңірде табиғи ресурстарды қорғау және жер қойнауын заңсыз пайдаланудың жолын кесу мақсатында облыс әкімдігі бекіткен жоспарға сәйкес тұрақты түрде бірлескен іс-шаралар өткізіліп жатыр.
Аталған жұмыстарға Жамбыл облысы Полиция департаменті, Экология департаменті, өңірлік геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясы, Шу–Талас бассейндік инспекциясы және өзге де уәкілетті мемлекеттік органдар қатысады. Бірлескен тексерулер барысында кеңінен таралған пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру деректерін анықтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың жолын кесу бойынша бақылау жүргізілуде.
Табиғат қорғау шаралары тек жер қойнауын пайдаланумен шектелмейді. Браконьерліктің алдын алу мақсатында Жамбыл облысы Полиция департаменті жыл сайын республикалық «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізеді. Бұл жұмыстарға Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты мамандандырылған «Сапсан» жедел қызметінің мамандары да қатысады.
Қысқы аңшылық маусымында рейдтік жұмыстардың ауқымы кеңейтіледі. Осы кезеңде Жамбыл облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы полиция қызметкерлерімен және өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп аңшылық алқаптарында, табиғи аумақтарда және жануарлар мекендейтін жерлерде бақылау жүргізеді. Рейдтердің негізгі мақсаты – табиғат қорғау заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, заңсыз аңшылықтың алдын алу және қоршаған ортаны қорғау.
Полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта табиғат қорғау заңнамасын бұзу фактілері бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339-бабының 1-бөлігі және 337-бабы негізінде бірнеше қылмыстық іс тіркелген.
Атап айтқанда, 339-баптың 1-бөлігі сирек кездесетін немесе жойылып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар дүниесі объектілеріне қатысты заңсыз әрекеттер үшін жауапкершілікті көздейді. Ал 337-бап заңсыз аңшылыққа қатысты құқық бұзушылықтарды қамтиды.
Қазіргі таңда аталған қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Тергеу қорытындысына сәйкес құқық қорғау органдары қолданыстағы заңнама талаптарына сай тиісті құқықтық шешім қабылдайды.
Құзырлы органдар табиғи ресурстарды сақтау, браконьерлікпен күрес және жер қойнауын заңсыз пайдалануға жол бермеу бағытындағы бақылау іс-шаралары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды






