Кеңеске Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Елдар Сапаров пен азаматтық қоғам институттарының белсенді өкілдері қатысты.
Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі азаматтық қоғам институттарының мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтып, тиімді әріптестікті дамытудағы рөлі ерекше екенін атап өтті. Аймақ басшысы үкіметтік емес ұйымдардың облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтауға қосып отырған үлесі зор екеніне тоқталды. Ол белсенділердің көпжылдық тәжірибесі мен жүйелі еңбегінің нәтижесінде өңірде көптеген маңызды бастамалар сәтті жүзеге асырылып жатқанын айтып, қоғамдық өмірге белсенді араласып, халықтың өзекті мәселелерін көтеріп, әлеуметтік жобаларды іске асыруға қосып жүрген елеулі үлестері үшін барша қатысушыларға өзінің шынайы алғысын білдірді.
Бүгінгі таңда облыста 1314 үкіметтік емес ұйым тіркелген болса, оның 200-ге жуығы белсенді түрде жұмыс жүргізуде. ҮЕҰ бастамасымен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында әлеуметтік маңызы бар көптеген жобалар жүзеге асырылып, халықтың түрлі санаттарына бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылуда. Биыл өңірде 100 әлеуметтік жоба іске асырылып жатыр. Олардың басым бөлігі білім беру, жастар саясаты, отбасы және гендерлік саясат, қоғамдық келісімді нығайту, сондай-ақ азаматтық қоғамды дамыту бағыттарына арналған.
Жиында «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Елдар Сапаров орталықтың қызметі туралы баяндап, үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру тетіктерін жетілдіру, ұзақ мерзімді мемлекеттік гранттардың үлесін арттыру және өңірлік ҮЕҰ-лардың ауқымды, стратегиялық жобаларды жүзеге асыруына кеңінен мүмкіндік жасау жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ләззат Қызылқұлова, Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев және Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл тәжірибесі туралы баяндама жасады.
Кездесу барысында ҮЕҰ өкілдері де өз тарапынан өзекті мәселелерді көтеріп, маңызды ұсыныс-пікірлерін білдірді. Жиын соңында «Jambyl Civil Hub» жобасы аясында ұйымдастырылған шағын гранттар конкурсының жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды. Қорытынды сөзінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев көтерілген ұсыныстардың барлығы міндетті түрде назарға алынатынын айтып, тиісті басқармалар мен жауапты мемлекеттік органдарға әрбір бастаманы жан-жақты зерделеп, заң талаптарына сәйкес нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды






