Іс-шараның негізгі мақсаты — қазақтың күй өнерін ұлықтау, ұлттық домбыра дәстүрін кеңінен насихаттау, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында айқындалған адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту, мәдени мұраны сақтау және әр азаматтың ел болашағына ортақ жауапкершілігін қалыптастыру сияқты негізгі құндылықтарды дәріптеу.
Кеш «Кәусар» вокалдық ансамблі мен филармония әншілерінің орындауындағы «Домбыраның үні» әнімен ашылды. Одан кейін облыстық филармонияның Қазақ халық аспаптар оркестрі көрермендерге «Шабыт», «Көкшолақ», «Әулиеата», «Тұран елі», «Ерке сылқым» күйлерін тарту етті. Дирижерлері — Дулат Байзілдаев пен Рауан Жексенбі.
Сондай-ақ, филармония әншілері «Тараз» триосы, Айгүл Мақашова, Мадина Бердиярова, «Кәусар» вокалдық ансамблі композитордың әндері мен қазақ әндерін орындады.
Іс-шара аясында «Домбыраның Үні» халықаралық челленджіне ресми түрде бастау берілді. Челлендж ұлттық бірегейлікті, мәдени мұраны сақтау мен дамытуды, қоғамдық келісімді нығайтуды және қазақтың қасиетті домбырасын әлемге кеңінен танытуды мақсат етті. Челлендж шартына сәйкес қатысушылар күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін домбырада орындап, бейнежазбаларын әлеуметтік желілерде #ДомбыраныңҮні, #Қазақстан, #ЖаңаҚазақстан, #ЖамбылОблысы, #ҰлттықДомбыраКүні, #ӘбдімомынЖелдібаев және #ЕркеСылқым хэштегтерімен жариялап, эстафетаны келесі қатысушыларға жолдады.
Рухани-сазды кешке қала тұрғындары мен қонақтары куә болып, ұлттық күй өнерінен, әсем әндерден ерекше әсер алды. Іс-шара ұлттық мәдени мұраны дәріптеуге, жастардың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыруға және қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайтуға өз үлесін бағытталды. Филармония әртістері игі шараға дейін «Домбыра үні – ұлт үні» атты домбыраға әуес көрермендермен танымдық жұмыстар жүргізіп, халық әндерін бірге шырқады.







