Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы бүгінде еліміз бойынша кең ауқымда жүзеге асырылып келеді. Аталған бастама қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді абаттандыру және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытында маңызды рөл атқаруда.
Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өңірде сенбіліктер ұйымдастырылып, саябақтар мен скверлер тазартылып, көшеттер отырғызылуда. Елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, заңсыз қоқыс орындарын жою және қоғамдық орындардың тазалығын сақтау мәселелері тұрақты бақылауға алынған.
Бұл жұмыстарға мемлекеттік мекемелермен қатар жастар ұйымдары, еріктілер, кәсіпкерлер және белсенді тұрғындар да белсене қатысып келеді. Нәтижесінде облыстың көптеген елді мекендерінде тазалық мәдениеті қалыптасып, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігі арта түсуде.
Жамбыл облысының шалғай орналасқан Мойынқұм ауданында да акция жоғары деңгейде жүзеге асырылуда. Аудан көлемінде тұрақты түрде тазалық шаралары ұйымдастырылып, көшелер, саябақтар, арық-атыздар мен қоғамдық орындар қоқыстан тазартылуда. Сонымен қатар мекеме ұжымдары мен еріктілердің қатысуымен ағаш көшеттері отырғызылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Мойынқұмдықтар үшін тазалық бір реттік науқан емес, күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Осы бағыттағы жұмыстар аудан тұрғындарының қолдауымен жалғасып, туған жердің табиғатын қорғауға және көркейтуге өз үлесін қосуда.
«Таза Қазақстан» – тек қоршаған ортаны тазарту ғана емес, ол қоғамның мәдениеті мен жауапкершілігінің көрсеткіші. Туған жердің тазалығына бейжай қарамайтын әрбір азамат бұл игі бастаманың табысты жүзеге асуына өз үлесін қоса алады.







