Кезекті профилактикалық іс-шара «Ауыл Береке» базарының аумағында үкіметтік емес ұйымдарының өкілдерінің қатысуымен өтті. Рейд барысында кәсіпкерлер мен тұрғындарға абаттандыру талаптары түсіндіріліп, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабында көзделген жауапкершілік туралы ескертілді.
Тараз қ. ПБ Әулие Ата АПБ ҚҚБ учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Ауесбек Қамбаровтың айтуынша, мұндай профилактикалық іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп келеді. Оның негізгі мақсаты – азаматтарды жауапкершілікке тарту емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру.
«Ауыл Береке» базарының бас инженері Амангелді Ажмаханбетов тұрғындардың базарға көршілес орналасқан шағын сауда орындарын да «Ауыл Берекеге» жатқызатынын айтты. Оның сөзінше, «Ауыл Береке» базарының аумағы нақты белгіленген және онда тәртіп тұрақты бақылауда ұсталады. Базар аумағында барлық қауіпсіздік талаптары сақталған, автотұрақ ұйымдастырылған, санитарлық тазалық қамтамасыз етіліп, абаттандыру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Ал базар аумағынан тыс туындайтын мәселелердің басым бөлігі көршілес орналасқан басқа сауда нысандарына қатысты.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай профилактикалық рейдтер алдағы уақытта да жалғасады. «Таза Қазақстан»: Таразда экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары күшейтілді







