4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Мойынқұм ауылында аудан тұрғындарының қатысуымен салтанатты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Елдік пен тәуелсіздіктің айшықты белгілерін ұлықтауға арналған шараға аудан әкімі Ермек Карентаев қатысып, тұрғындарды мерекемен құттықтады.

Іс-шараның негізгі мақсаты – Мемлекеттік рәміздердің қоғамдағы маңызын кеңінен насихаттау, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру, ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыру және тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін дәріптеу.

Салтанатты жиында аудан әкімі Ермек Карентаев сөз сөйлеп, Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігінің, ұлттық бірлігі мен тұтастығының басты нышандары екенін атап өтті. Сонымен қатар ол мемлекеттік рәміздерді құрметтеу әрбір азаматтың конституциялық міндеті әрі патриоттық парызы екенін жеткізді.

Мерекелік шара барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы салтанатты түрде көтеріліп, қатысушылар Мемлекеттік Әнұранды бірге орындады. Бұл сәт жиналған жұртшылыққа ерекше рух беріп, елге деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін арттыра түсті.
Шара аясында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық бағыттағы әндер мен музыкалық шығармаларды орындап, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады. Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілікті дәріптейтін концерттік бағдарлама көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Мемлекеттік рәміздер күні – халқымыздың ұлттық рухын нығайтып, ел тарихы мен тәуелсіздігінің қадір-қасиетін ұғындыратын маңызды мерекелердің бірі. Мемлекеттік Туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымыз – Қазақстанның әлем алдындағы беделін айқындайтын, халқымызды ортақ мақсат пен жарқын болашаққа біріктіретін қасиетті құндылықтар.

Бүгінде мемлекеттік рәміздерге деген құрмет пен тағзым – елге деген сүйіспеншіліктің, азаматтық жауапкершіліктің және патриоттық тәрбиенің жарқын көрінісі болып табылады. Сондықтан әрбір қазақстандық үшін Мемлекеттік рәміздерді қастерлеу, олардың мәртебесін биік ұстау – қасиетті борыш әрі маңызды міндет.
Материал «Мойынқұм ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі» КММ тапсырысы бойынша әзірленді.







