Мойынқұм ауданында ауданның құрылғанына 60 жыл толуы және екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына 130 жыл толуына орай «Мойынқұм ауданының даму жолы және Жазылбек Қуанышбаев мұрасы» атты республикалық деңгейдегі тарихи-танымдық конференция өтті.

Тағылымды іс-шараға мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, жастар мен аудан тұрғындары қатысты.
Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев арнайы қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған ауылдық аумақтарды дамыту, еңбек адамын қолдау және тарихи мұраны сақтау бағытындағы мемлекеттік саясаттың маңыздылығына тоқталды.

Президент кеңесшісі өз сөзінде Мойынқұм өңірінің қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығын, әсіресе мал өсіру мәдениетін сақтап, дамытудағы ерекше рөлін атап өтті. Сондай-ақ, ол қазақ даласының еңбек дәстүрін қалыптастыруда өлшеусіз үлес қосқан даңқты шопан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев есімі еңбекқорлықтың, табандылықтың және туған жерге адал қызмет етудің жарқын үлгісі екенін айтты.
Мәлік Отарбаев жастар тәрбиесіне ерекше назар аударып, өскелең ұрпақтың бойына еңбекқорлық, білімпаздық, жасампаздық, жауапкершілік, жанашырлық пен отаншылдық қасиеттерді сіңірудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, ел болашағы – білімді әрі еңбекқор жастардың қолында, сондықтан ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен еңбек адамын ұлықтау әрдайым басты назарда болуы тиіс.

Жиында облыс әкімдігі атынан облыс әкімінің аппарат басшысы Лесбек Ілебаев сөз сөйлеп, аудан тұрғындарын қос мерейтоймен құттықтады. Ол Мойынқұм ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, өңірдің ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, инфрақұрылым және әлеуметтік салалардағы жетістіктерін атап өтті. Сонымен қатар, ауданның өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегіне жоғары баға берді.
Конференция барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық өміріне және рухани-мәдени саласына үлес қосқан бірқатар азаматтарға марапаттар табысталды. Бұл марапаттар олардың өңірдің дамуына сіңірген еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі болды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов, мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, ғалым Борис Жапаров және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысып, тарихи сабақтастық, ұлттық тәрбие, еңбек құндылығы және елдік мұраттар төңірегінде ой бөлісті.
Баяндамашылар Мойынқұм ауданының қалыптасу және даму тарихына тоқталып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіндегі еңбек адамдарының рөлін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, Жазылбек Қуанышбаевтың өмір жолы мен еңбек ерлігі бүгінгі ұрпақ үшін тағылым мен өнеге көзі екендігі айтылды.

Жиында ұлттық құндылықтарды сақтау, тарихи мұраны насихаттау, еңбек адамының мәртебесін көтеру және жастарға сапалы тәрбие беру мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар мұндай тағылымдық шаралардың қоғамдағы рухани сабақтастықты нығайтуға, тарихи сананы қалыптастыруға және елдік құндылықтарды дәріптеуге қосатын үлесі зор екенін атап өтті.

Конференция қорытындысында Мойынқұм ауданының алдағы даму бағыттары, тарихи тұлғалардың мұрасын насихаттау, жастар тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелері бойынша ұсыныстар айтылып, мерейтойлық іс-шаралардың маңызы ерекше екендігі атап өтілді.

Айта кету керек, Мойынқұм ауданының 60 жылдығы мен Жазылбек Қуанышбаевтың 130 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар аудан көлемінде жыл бойы жалғасып, өңір тарихын дәріптеуге, еңбек адамын ұлықтауға және ұлттық руханиятты нығайтуға бағытталған түрлі мәдени-көпшілік жобалармен жалғасады.

Материал «Мойынқұм ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі» КММ тапсырысы бойынша әзірленді.







