Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Азат Әбдіразақов баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар мен қабылданған алдын алу шаралары туралы мәлімет берді.
Баяндамашының айтуынша, қазіргі таңда облыс аумағындағы 42 елді мекен су тасқыны қаупі бар аймақта орналасқан. Жүргізілген кешенді алдын алу жұмыстарының нәтижесінде 34 елді мекенде су басу қаупі толық жойылып, тағы 2 елді мекенде қауіп деңгейі айтарлықтай төмендетілген.

2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында облыс көлемінде ауқымды инженерлік және профилактикалық іс-шаралар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, «Шоң-Қақпа» су қоймасынан Талас өзеніне жіберілетін суды қауіпсіз өткізу және көлемін реттеу мақсатында елді мекендерге қауіп төндіретін 8 учаске анықталып, өзен арналары нығайтылды.
Сонымен қатар Тараз қаласы аумағынан өтетін жалпы ұзындығы 82,55 шақырымды құрайтын 8 ирригациялық каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Меркі, Мойынқұм, Сарысу, Т. Рысқұлов және Қордай аудандарында арық жүйелері мен өзен арналары тазаланып, кеңейтіліп, дренаж жүйелері қазылып, өзен жағалаулары бекітілді.

Өңірде ықтимал төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен тұрғындарды қабылдау үшін 119 мың адамға арналған 396 қабылдау пункті дайындалды. Бұдан бөлек, 32 шатыр, 890 төсек және 460 жиналмалы кереует әзірленіп, тамақтандыруды ұйымдастыру мен арнайы техникаларды тарту бойынша 58 келісімшарт жасалған.
Көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мақсатында 1 927 адам, 485 бірлік техника және 132 су айдау құралы толық дайындықта тұр. Облыс аумағындағы өзендердегі су деңгейі тұрақты, тәулік бойы мониторинг жүргізілуде.

Кеңес барысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарын күшейтудің маңыздылығына ерекше тоқталып, жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, техникалардың дайындығын қатаң бақылауда ұстау, су тасқыны қаупі бар елді мекендерде қажетті резервтер мен мобильді топтар құру, ауа райына тұрақты мониторинг жүргізу, гидротехникалық құрылыстарда тәуліктік кезекшілікті қамтамасыз ету, су қоймалары мен көлдердің сыйымдылығына жүйелі талдау жасау міндеттелді.







