Сот ГАЗ 330202 (Газель) маркалы автомобиль 2020 жылдан бастап талап қоюшыға тіркелгенін анықтады. 2021 жылдың қараша айында жауапкер бұл көлікті ауызша келісім негізінде жиһазды тасымалдау үшін уақытша пайдалануға алған.
Тараптар жауапкердің өзі көлік салығын төлейтініне келіскен. Алайда, талап қоюшы бірнеше жыл бойы автокөлік салығын өзі төлеуге мәжбүр болған. Көлік талап қоюшыға қайтарылған жоқ.
Жауапкер талап қоюды мойындамай, автокөліктің қайтарылғанын айтты, бірақ сотқа ешқандай дәлел келтірілмеді. Сот автокөлікті одан әрі ұстаудың заңсыздығы туралы қорытындыға келді.
Тараз қалалық сотының шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылды. Сот жауапкерді талап қоюшыға құны 3 млн теңге болатын автокөлікті қайтаруға міндеттеді, сондай-ақ сот шығындарын өндіріп алды.
Сот салық заңнамасына сәйкес меншік иесі салықты өзі төлеуге міндетті екенін көрсете отырып, материалдық залалды (көлік салығын) өндіріп алу туралы талапты қанағаттандырудан бас тартты.
Соттың шешіміне жауапкер шағымданды, алайда Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Сот актілері заңды күшіне енді.
Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі
Сурет «ChatGPT» қосымшасындағы жасанды интеллекттің көмегімен әзірленді.







