WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы әлеуметтік желідегі парақшасында осы жайтқа қатысты түсініктеме берді.
Оның сөзінше, қайта анализ тапсыруға өтініш жасаған.
— Мен әрқашан таза спортты қолдаймын. Мұны жақсы білесіздер. Мен таза спортты насихаттап жүргенімді де білесіздер. Жаңалықты оқып таң қалып отырмын. VADA бірінші рет анализ алып бәрі таза деп еді. Мен витаминдеріме де тамағыма да ешқандай өзгеріс енгізбедім. Екінші рет тестте неге мұндай болғанын түсінбей отырмын, біз қайта анализ тапсыруға өтініш айттық. Жауабын күтіп отырмыз! — деп жазды спортшы.
Еске сала кетсек, осы аптада Жәнібек Әлімханұлы және Эрисланди Лара арасындағы орта салмақтағы WBO, IBF және WBA белбеулерін сарапқа салатын титулдық жекпе-жек жоспарланған еді.







